Мойынқұмда 8 жоба аймақтық кәсіпкерлік картасына енгізілді

Мойынқұм ауданында «Мойынқұмдағы өндіріс саласының бүгіні мен ертеңі» атты тақырыпта арнайы басқосу болып өтті. Өндіріс садасындағы өзекті мәселелерді талқылау, оның шешілу жолдарын қарастыру, әрі аймақтағы өндіріс ошақтарының индустриалды-инновациялық жағдайының жай-күйін айқындау мақсатында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шөкеев, аудан әкімі Мәден Мұсаев және облыс әкімдігіне қарасты бірқатар басқарма мен аудандағы ірі кәсіпорын басшылары қатысты.Басқосуда кезек күттірмейтін  бірқатар мәселелер қаралды. Алдымен аудандағы өнеркәсіп саласының ағымдағы жылдың 10 айындағы өнім өндіру көрсеткіштері баяндалып, Елбасы Жолдауынан туындап отырған міндеттің бірі ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейту мәселесі сөз болды. Мойынқұм ауданының өткен дәуірде ауылшаруашылығы дамыған аймақ ретінде танылса, бүгінгі күні өндіріс саласында қарқын алған аудан ретінде жетістіктерге жетіп келеді. Ауданның жер қойнауы табиғи байлыққа толы болғандықтан, аудан экономикасының негізгі тірегі сол байлықты тиімді игеріп отырған өнеркәсіп саласы екені де жасырын емес. Мемлекет басшысының елімізге инвестиция тарту мәселелерін әрдайым көтеріп келеді.  Қазіргі таңда ауданда үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 55,5 миллиард теңгені құрайтын сегіз жоба аймақтық кәсіпкерлік картасына енгізілді. Бүгінде аталған жобалардың барлығы да жемісті еңбек етуде.

Басқосуда  аудандағы кәсіпорындардың табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыруға барысы да қаралды. Облыстық  табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов өңірде жер қойнауын пайдаланушылардың бірқатар заң бұзушылықтарға жол бергенін жеткізді. Ендігі жерде олар  заң алдында жауап бермек.  Билік пен бизнес өкілдері арасында өткір талқыланған мәселенің бірі – аймақта жұмыс істеп отырған кейбір кәсіпорындардың салықты өзге облысқа төлейтінігі. Дәл қазіргі сәтте облыстың табиғи байлығын игеріп, көл-көсір табысқа кенелгенімен салықты көрші өңірлердің қазынасына құйып отырған жер қойнауын пайдаланушылардың саны 13-ке жетіпті. Олардың қатарына «Шығыс кен басқармасы», «Құлан көмір», «Khan Tau Minerals» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамы сынды кәсіпорындар бар. Басқосу барысында кешенді шешімді қажет ететін осы бір күрделі мәселе төңірегінде жергілікті билік пен кәсіпорын басшыларының арасында еркін пікірталас орын алып, өз кезегінде кәсіпкерлер  бұл түйінді оңтайлы шешудің жолын қарастыратындықтарын жеткізді. Бүгінде  «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» осындай игі істерді атқарушы кәсіпорындар қатарында. Кездесуде кәсіпорындарда адам өмірін сақтауда техникалық қауіпсіздік шараларының сақталуы, өндірістің цифрландыруға көшуі және кәсіп иелерінің Мойынқұм ауданының дамуына қосқан үлесі туралы айтылып, ірі кәсіпорындардың бүгінгі сұранысына қажетті мамандарды даярлаудың жай-күйі талқыланды.Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев өнеркәсіптің дамуын ерекше назарда ұстап, ауданға инвестиция тартуды, іскерліктің аясын кеңейтіп, кәсіпорындармен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуды мықтап қолға алу керектігін тапсырды.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444