Тараз қаласының бас жоспары бекітілмек

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Тараз қаласының бас жоспарын талқылау жөніндегі кезекті жиын өтті. Негізгі мақсат: тарихи шахардың өзіндік архитектурасы мен сәулеттік келбетін қалыптастыру. Қазіргі таңда Тараз қаласының жалпы аумағы 18 787 гектар. Онда үш жүз елу алты мыңнан астам адам тұрады. Облыс орталығында барлығы бір мың екі жүз алпыс үш көп қабатты үйлер бар десек, оның жүз елу бірі тек бір қабаттан тұратын ескі жер үйлер. Сондай-ақ, шахарда 43 261 жеке тұрғын үй тіркелген. Кезекті кездесуде осындай мәліметтер келтірген қала әкімінің орынбасары қазіргі таңда шаһар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде алпыс тоғыз мың жеті жүз адам тұрғанын жеткізді. Алайда, мұншама азаматқа бере салатын қалада жер жоқ. Мәселені шешудің бірден бір жол ретінде Байзақ және Жамбыл аудандарының бірқатар аумақтарын қалаға қосу жағы ұсынылды. Бұл екі ауданды қалаға қсоу жөнінде бұдан бұрынғы жиындарда талай айтылып жүр. Сонымен қатар, жауапты мамандар Тараз қаласы бас жоспарының алдағы уақыттағы қолданылуын үш кезеңге бөліп көрсетті. Ол жаңа бас жоспарды құру, қала маңы аумағының жобасын құру және бас жоспарды кешенді түрде жүзеге асыру. Асқар Мырзахметов заң талаптарына сәйкес жер кезегінде тұрған адамдарға он соттық жерді облыстың кез-келген аумағынан беруге болатынын да баса айтты. Жиында облыс әкімі тарапынан айтылған тағы бір өзекті ұсыныс: қаланың айналасындағы құрылысқа жарамсыз жерлерді жасыл желекті аумаққа айналдырып, қолдан ағаш отырғызып, орман жасау керек. Ол жерлерден болашақта түрлі демалыс орындарын да ашуға болады. Басқосуда қала сыртындағы демалыс орындарын дамыту жағдайы да сөз болды. Ол көпшілік сұранысына орай Талас өзені жағалауын тиімді пайдаланып, осында арнайы демалыс аймағын құру секілді маңызды мәселелер болып отыр. Талас өзенінің айналасына тал-дарақтар отырғызылып, саябаққа айналдыратын болса, бұл қаланың ажарын аша түспек. Келешекте Тараз қаласы бас жоспарға сәйкес ауқымы кеңейіп, көз тартар әсем қалаға айнала бермек. Көне тарихи бай ескерткіштері мол шахарға туристерді де молынан тарту жоспарда бар.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444