ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің құрылысына мемлекет 1,3 млрд доллар қаражат жұмсады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Х Астана экономикалық форумы қатысушыларына Қазақстан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге не үшін шешім қабылдағандығын түсіндіріп берді. «Мен ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстан үшін маңызды имидждік жоба болғандығын ашық айтқым келеді. Көрменің ашылу салтанатына 17 мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Оның жұмысына көптеген корпорациялар қатысуда. 115 ел, 22 халықаралық ұйым барлығы  осы көрмедегі павильондарға өздерінің бірегей инновациялық жобаларын алып келді. Қазақстандық көрмеде жинақталған әлемдік инновациялық ойлар күндердің күнінде Қазақстанның дамуына қызмет етуі керек», — деді ҚР Президенті форумның жалпы отырысында. Елбасы ЭКСПО көрмесінің  алғашқы іргетасы 2014 жылы қаланғандығын еске алды. Үш жыл ішінде 200 га қамтитын аумақта құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген құрылыс болашақта халық игілігіне жұмыс жасайтын болады. Көрме аяқталғаннан кейін ол жерге заңға сәйкес құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын жалғастырады. Және дәл осы жерде «жасыл» энергетика, технология бағыттарындағы жұмыстар шоғырландырылады. Қазақстандық павильон болашақ музейі ретінде сақталып қалады. Онда «жасыл» энергетикаға қатысты жаңа технологиялар көрсетіледі», — деп атап айтты Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне қарағанда, ЭКСПО көрмесі құрылысына бөлінген бюджеттік және демеушілік қаражаттар отандық бизнесті қолдауға бағытталған. «Мемлекет халықаралық көрме құрылысына 1,3 млрд доллар қаражат жұмсады. Олардың арасында демеушілер мен жеке инвесторлардың қаражаттары бар. Бұл қаражаттардың барлығын қазақстандық компаниялар игерді», — деп түйіндеді сөзін Елбасы.

Қазақстан Президенті көрменің іскерлік бағдарламасына тоқталды. Оның аясында Астана экономикалық форумы, Шетел инвесторларының кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті сияқты бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Мемлекет басшысы көрменің халықаралық өзара ынтымақтастыққа елеулі тың серпін беріп, еліміздің ғылымын дамытуға және экономикамызды жаңғыртуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Соңында Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» көрмесін дайындау үдерісіне қатысушылардың барлығына шынайы қолдау көрсеткендері және көрме идеясын жүзеге асыруға атсалысқандары үшін алғыс айтты.

– Біздің мәртебелі қонақтарымызға – Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанатына қатысуға уақыт тауып келген мемлекеттер мен үкіметтер  басшыларына ерекше ризашылық білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Б.ҮПІБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444