Мамандықты дұрыс таңдай біл

Қазіргі ғылыми – техникалық үдерістің үздіксіз, қарқынды дамуы — білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Қоғамға қажетті мамандық таңдау – басым бағыттардың бірі.  Байзақ ауданына қарасты №1 мектеп-гимназиясында  өткен «Мен мамандық әлеміндемін!» акциясы өзекті мәселеге тұздық болды.  Шара барысында әр салада қызмет етіп жүрген кәсіби мамандар мектеп оқушыларына дәріс оқыды, тәжірибесімен бөлісті. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз-өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоймайтын адам кем де кем. Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істеген іс – табыс биігіне жеткізетін қанат.

Аталған акция Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Жалпы алғанда, адам өзінің болашақ кәсібіне түрлі жолдармен келеді. Біреулер үшін ол арманының орындалуы, енді басқалар үшін жаңалыққа, дербестікке талпыныс десек, кейбіреулердің алдында әйтеуір бір маман иесі атану міндеті тұрады. Ал түптің түбінде мамандық таңдау үшін адам өз бейімділігін тануы қажет.  Дұрыс таңдалмаған мамандық адамның өзіне де, қоғамға да кері әсерін тигізеді. Сондықтан, шақырылған қонақтар осы мәселеге қатысты жас ұрпаққа тағылымды ой айтып, оң бағыт – бағдар берді.

Өз кезегінде оқушылар да болашаққа таңдаған мамандықтары төңірегінде әңгімеледі. Олардың армандары асқақ, мақсаттары биік.  Ең бастысы – адамның өз мамандығына деген қарым-қатынасы, өз ісіне деген сүйіспеншіліктен туындамақ.

Ұйымдастырушылар ақпараттық технологияны пайдалануда өзіндік ойы бар, бәсекеге қабілетті, зерделі креативті тұлға қалыптасуына бағытталған акция өз жемісін береді деп сенеді. Жиын соңы концерттік бағдарламамен түйінделді.

Дереккөз: taraztv.kz

http://taraztv.kz/kz/news/education/mamandykty-durys-tandai-bil#

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444