Салтанатты түрде әскер қатарына шығарып салды
Тараз қаласындағы «Ерлік» мемориалды кешенінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен «Қуатты әскер – қуатты мемлекет» атты облыстық патриоттық акциясы өткізілді.
Жастардың бойында патриоттық тәрбие қалыптастыру, әскери қызметтің беделін көтеру мақсатында ұйымдастырылған акцияға «Жамбыл облыстық генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры Ә.Қазиев, Тараз қаласы «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Д.Ермеков арнайы қатысып, жастарды Отан алдындағы қызметін абыроймен атқаруға шақырды. Әскери қызметкер болғысы келетін жастар шоғырын қалыптастыру қарқынды дамыған Қазақстан үшін аса маңызды. Елімізде қорғаныс саласында қызмет атқарамын немесе әскери білім аламын деген азаматтарға барлық жағдай жасалған. Олардың айлық жалақысынан бөлек, тұрғын үймен қамтылуы, отбасы мүшелерімен бірге тегін медициналық көмек алуы, белгіленген нормалар бойынша заттай мүліктермен қамтамасыз етілуін мемлекет өз қолына алған. Сондай-ақ, ҚР Қарулы Күштерінде келісім-шарт незінде қызмет етушіге жыл сайынғы демалыс беру уақытында екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде қосымша жәрдемақы төленеді. Әскери қызметкерлердің балаларына мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезектен тыс қызмет көрсетіледі. Сондықтан 19-35 жас аралығындағы еліміздің жастары мүмкіндіктерді бос жіберіп алмаса екен. Елдің тыныштығын күзету — ер азамат үшін абыройлы міндет.
Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, жауынгерлік қойылымдар көрсетіліп, әскер қатарына шақырылушылар мен олардың ата-аналары шараға қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді. Жастарға үлкен серпін беріп, жауынгерлік рухты оятатын айтулы жиында ұйымдастырушылар тарапынан әскер қатарына шақырылған жастарға қажетті заттар табысталып, Отан алдындағы борышын өтеуге 50 сарбазды салтанатты түрде әскер қатарына шығарып салды. Сондықтан да, әскери әлеуетті дамыту мен заман ағымына сай жаңа серпін беру тек Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білуіміз қажет.