Шардараның күріші шетелге экспортталады

Түркістан облысындағы Шардара ауданы күріш өсіруде алдыңғы қатарда. Әу баста күріш өсіруге жер танаптарын арнайы дайындаған аудандағы 6 кеңшардың бірі – осы Ұзын ата ауылы. Сол жер танаптары ауылда сол күйі сақталып тұр, күріш өсіруге дағдыланған кәнігі диқандар да көп. Су тас төбеден құйылып тұр, ауа райы күріш өсіруге аса қолайлы. 42 жыл ауылда жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке жуырда ғана шыққан Мұрат Нұрпейісов – жергілікті күріштің басқа аймақта өсірілетін күріштерге қарағанда артықшылығы көп екенін түрлі деңгейдегі жиындарда нақты дәлелдермен айтып жүрген білікті маман.

Шардараның күріші басқа облыс пен республикаларда өсіріліп жатқан күріштерден әлдеқайда сапалы екенін шаршамай айтып келемін. Былтыр облыста өткен бір жиында басшылар Шардара ауданының өзінен 1000 тонна күріш шетелге экспортқа шығарылғанын айтып өтті. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша да күріштің пайдасы көп. Бұл дақылды еккен жерге арамшөп шықпайды, күріштен кейін оның орнына егілген кез келген дақылдың өнімділігі бұрынғыдан әлдеқайда артық болатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Ұзын ата ауылында биыл 180 гектар жерге күріш егілді. Баяғы кәсіпті жалғастырып келе жатқан Рахымберді замандасымызға рахмет айтамыз, – деді Мұрат Нұрпейісов.

Биылғы ауа райының шаруаларға қарасқанын айтқан Рахымберді Айтмырзаев өнімді жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшін бар күшті жұмсағанын жеткізді. Биылғы гектар түсімі де ойдағыдай 75-80 центнерден айналып отыр. Былтыр 26 гектарға еккен күріш салысын көрші Алатау батыр ауылындағы белгілі кәсіпкер Ержан Қарабаевтың диірменінде тартқызыпты. Алынған өнімнің 40 пайызын қолжетімді бағамен, яғни 150 теңгеден аудан көлеміне сатылымға шығарса, қалған 60 пайызы Ауған- стан мемлекетіне экспортқа шығарылған. Ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларына, балабақшаларға да өнімнің бұл түрінен жиі қайырымдылық шаралары жасалады.

Ауыл тұрмысы мен жер жағдайын жетік білетін ұтымды ұйымдастырушы, білікті басшы, қайырымдылық шаралардың бел ортасында жүретін дархан пейілді азаматтың қырманына береке тілеп қоштастық.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ. «Оңтүстік Қазақстан».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444