Қазақстандық электр энергиясы саласының жаңа дәуірі басталды
«Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамы – Қазақстандағы төменгі және жоғары кернеулі трансформаторлар шығаратын баламасы жоқ бірден-бір кәсіпорын. Іргесі 1959 жылы қаланған зауыт негізінен электромеханикалық жабдықтар жасайды. Қазақстандағы трансформатор шығаратын бірегей кәсіпорын жылдан-жылға жұмыс тиімділігі мен үдемелігін арттыра түсуде. Жаңа техникамен жарақтандыруға және жаңа өнім шығаруға зауыт басшылығы әрдайым басымдық береді. Зауыт кешегі күннің өлшемімен жүруді бүгінде мүлдем ұмытқан. Жаңа көзқарас, адамдардың өзгермекке, білмекке деген ынта-жігерін анық байқайсыз.
«Кентау трансформатор зауыты» АҚ басқарма төрағасы Хайрулла Қожабаев оқыған-тоқығаны көп, ізденімпаз жан екенін алғаш танысқанда-ақ байқатты. Оның өз жұмысына деген сүйіспеншілігі, жұмысшылармен қарым-қатынасы, ізеттілігі мен ашықтығы бірден байқалады. Ол ә дегеннен-ақ біздің не үшін келгенімізді сұрап білгеннен соң алып өндіріс ошағының тыныс-тіршілігімен таныстыруды бастап кетті. Мұнда 1300 адам еңбек етеді. Бұдан тыс дуальды оқыту тәжірибесінде жүрген Кентау политехникалық колледжінің 716 студенті, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 380 студенті, барлығы жиналғанда бұл жер хан базарындай қайнап жатыр.
Мұнда электр қозғалтқыштар, генераторлар, трансформаторлар шығарудың мыңдаған әдіс-тәсілдері бар. Қай аппараттың болмаса құрылғының, орағыштар мен токарьлық станоктардың, дәнекерлеуші, біріктіруші, түрлі сымдар мен қораптарды жасайтын технологиялардың жанына барсаңыз, мамандардың кірпік қақпай өз істерін мұқият қадағалап тұрғанын көресіз.
Бір цехта орау станоктары тұр. Ондағы жігіттер өз істерінің нағыз маманына айналған. Ал, келесі цехтағы құрылғылар түгелдей шетелдерден алдырылған. Жаңа технологияны мамандар тез меңгеріп алыпты.
Шын мәнінде, зауыт бүгінде инновациялар локомотиві, заманауи талапқа сай механикаландырылған алып кәсіпорын. Өнім көлемін арттыру, трансформаторлардың, реакторлардың, генераторлардың жаңа түрлерін игеру қажеттілігіне орай жаңа цехтар салынған. Сондықтан да мұнда еңбек өнімділігі жоғары.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».