Ет өнімдерін өндіру басты орында
Түркістан облысындағы Сайрам ауданында инфрақұрылым жүргізу, ауыз су жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда. 42 елді-мекеннің 41-і ауыз сумен қамтылған. Таза сумен қамтылмаған Құтарыс ауылына келесі жылы жеткізілмек. Сонда ауданда ауыз сумен қамту 100 пайыз болады. Газ тарту бойынша 42 елді — мекеннің 19 — ы көгілдір отынмен қамтылған. Алдағы уақытта өзгелерін де толық қамту жоспарда бар. Жалпы ауданымыздың потенциалы үлкен, ауыл шаруашылығы дамыған аудан. Негізгі жұмыс көзі де осы салада. 1991 жылмен 2017 жылды салыстыратын болсақ ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша 1991 жылы 1 млрд. 277 млн. өнім өндірілсе, 2017 жылы 58 млрд. 900 млн теңгелік өнім өндірілген. 26 жылдың ішінде 46 есе өскен. Бүгінде аудан аумағында 962 ет өндіру орындары жұмыс жасайды. 31 мың бас бордақылайтын алаңдар бар. 1995 жылы 7 400 тонна ет өндірілсе, 2017 жылы 26 800 тонна ет өндірілді. Ауданымыздың негізгі бағыты ет, сүт, көкөніс өндіру болғандықтан жалпы ет өндіру басты орында. Ең жоғарғы 2-3 мың бас мал бордақылау орындары бар болса, биыл 10 мың басқа дейін мал бордақылайтын кешен салу жоспарланған болатын. Кешеннің құрылысы сәуір айының соңында басталған, қазір құрылыс жұмыстары аяқталып, желтоқсан айында іске қосылмақ. Келесі жылы 5 мың тонна ет өндіретін бір нысан қосылатын болады. Сайрам ауданында өндірілетін негізгі өнімдер ет, сүт, көкөніс өнімдері, жаңа айтып өткенімдей ең бастысы ет өнімдері. 962 мал бордақылау алаңдарында ет өндіріліп Шымкент, Астана, Алматы, Солтүстік Қазақстан өңірлеріне жеткізілуде.