ҚР Білім және ғылым вице-министрі тараздық педагогтармен кездесті
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді. Вице-министр алдымен Тараз қаласы №30 мектеп-гимназиясында ұстаздармен кездесіп, Елбасы Жолдауында айтылған білім саласының басым бағыттары туралы сөз қозғады. Мемлекет басшысы биылғы жылдың қазан айында жолдаған жолдауында, орта сыныптардан бастап, оқушылардың бейімдеріне қарай кәсіби диагностика жасап, балаларға мамандық таңдай білу тұрғысынан бағыт-бағдар беру жайын айтқан болатын. Сондай-ақ, жаңа заманға сай білім беру сапасын арттыру міндетін жүктеді. Бұл Президент Жолдауындағы білім саласына қатысты нақты тапсырмалардың бір парасы. Бұдан бөлек, елбасы өндірістік – технологиялық ортаға жедел кірісу үшін математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқытуды мықтап қолға алу керектігін алға тартты.
Қазір жаңартылған стандарт бойынша оқыту мәселесі жолға қойылып отыр. Соған байланысты қазір мектептерде жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту мәселесі жолға қойылды. Кейбір мектептер оған кірісіп те кетті. Енді осы мәселені шешу үшін бірінші не істеу керек? Әрине, бірінші кезекте – мұғалімдерді дайындау. Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екенін Елбасы үнемі айтып келеді. Бұған сәйкес, мұғалімдер өз пікірлерін білдірді. Жаңа бағдарламаның мәні, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.
Сонымен қатар, Елбасы Жолдауын талқылауға арналған жиында педагогтарға әдістемелік көмек көрсету және оқушылармен тығыз байланыста жұмыс жүргізу керектігі айтылды. Мектеп мұғалімдерімен кездесуден соң Эльмира Суханбердиева Тараз қаласындағы №35 «Ер төстік» балабақшасының жұмысымен танысып, тәрбиешілерімен кездесті. Кездесу барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі балабақша тәрбиешілеріне мектепке дейінгі білім беру саласында бірқатар кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым вице-министрі жаңадан ашылған облыстық ІТ лицей-интернатының жұмысымен танысып, білім ошағының оқушыларымен сұхбаттасты.