Еліміздің экспорттық әлеуетін көтереді
Өңірдегі өзгерістер облыс орталығы Түркістан қаласына ең жақын орналасқан Кентауға да оң әсер етері сөзсіз. Ендігі жерде Оңтүстік өңіріне тартылатын инвестициялардың көлемі артып, шетелден келетін туристер де анағұрлым көбейе түспек. Бұл үшінші мегаполис – Шымкент шаһары мен Түркістан облысының жаңа келбетін қалыптастырады. Облыс орталығының Түркістан қаласына көшуі Кентауға да көптеген оң өзгерістер алып келді. Кентаудың да тынысы кеңейіп, аумағы ұлғайып отыр. Облыс орталығына ең жақын орналасқан Кентау қаласы Түркістанмен бірге дамитын болады. Қазірдің өзінде инвестиция жасайтын көптеген компаниялар өңірге қызығушылық танытуда. Соның бірі – Түркияның атақты «Dal Holdіng Іnvestment CO» компаниясы. Жақында ғана аталған компания өкілдері облыс әкімімен кездесті. Оның алдында Елбасының Түркияға сапары кезінде ұйымдастырылған бизнес-форумда біздің облыспен меморандумға тұрған екен. Яғни бұл компания 200 гектар жерге заманауи технологиялармен жарақтанған жылыжай салмақ. Біз қажетті жерді анықтап бердік. Құны 300 млн. АҚШ доллары болатын жоба арқылы 700 жұмыс орны ашылмақ. Бұл жылыжай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне 25 шақырым жерге орналасады. Кентаудағы жылыжай кешені ауыл шаруашылығы өнімдерін молайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін көтереді деген болжам бар. Қазір қадамдық жоспар жасалып, дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Okg.kz