Асыл тұқымды қой басы 21 559-ға жетті
Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы мал шаруашылығын дамытуда бүгінде алдыңғы лекке шықты. Етке арналған кәдімгі қойдан гөрі асыл тұқымды малдың толайым табысы көп болатынын түсінгендер көп. Ауданда мал басын асылдандыру бағытында 4 шаруашылық жұмыс істеуде. 2018 жылғы І жартыжылдық қорытындысы бойынша бүгінгі таңда Ордабасы ауданында асыл тұқымды қой басы 21 559-ға жеткен. Мәселен, «Сералы» шаруа қожалығы «Ордабасы» асыл тұқымды қой басын көбейтуге жұмыс жасауда. Мал басын асылдандыру бағытында ветеринар мамандарын үнемі оқытудан, біліктілігін шыңдаудан өткізіп отырады. Соның арқасында бүгінде қой басы 8 718-ге жетті. Ал «Сабыр» шаруа қожалығы қазақтың қылшық жүнді қойын өсіруде. Қажетті күтімнің арқасында бүгінде қой басын 6 955-ке жеткізді. «Ортай» шаруа қожалығы да «Ордабасы» асыл тұқымды қой басын таңдап алған. Мал басын асылдандыру бағытында жасаған жұмыстарының нәтижесін көріп, жемісін жеп те отыр. Бүгінде шаруа қожалығындағы қой басы 4 523 қойдан асып жығылды. «Мұқағали» шаруа қожалығындағы «Ордабасы» асыл тұқымды қойы 1363-ке жетіп отыр.