Жарқын өңірге айналған Құмкент
Еліміздің кез-келген еңбекке қабілетті азаматы тұлпар мініп ту алған бабаларымыздың тілегін жалғап, «Мәңгілік елдің» тұғырлы болуына өз үлесін қосуды міндеті деп білуі тиіс. Атқарып отырған кәсібіміз, игілік пен абыройдың бәрі Отанымыздың береке- бірлігінен өрбіп жатыр. Біз бүгінгі таңда шын мәнінде іргелі ел, мәртебелі мемлекет болдық . Ол әрине, Тәуелсіздігіміздің арқасы деп білемін. Сондықтан да, бұл қасиетті ұғымды қашан да ұлықтай беруіміз абзал.
Түркістан облысындағы Созақ ауданындағы Құмкент ауылы бүгіне қарқынды дамып келеді. 1957 жылы бірінші наурызында 5 колхоз бірігіп кеңшар (совхоз) болған. Бұл халықтың 1 жерге топтасып орнығуына, әл-ауқатының артуына көп әсерін тигізді. Кеңшар 70000-ға дейін қой өсіріп, 3000 гектарға дейін арпа, 400 гектарға дейін жүгері дақылын өсіруге қол жеткізді. 1994 жылы кеңшар таратылып, соның негізінде қазіргі уақытта бір өндірістік кооператив, бір ЖШС, 37 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Бүгінде Құмкент ауыл әкімдігі Тәуелсіздік шапағымен нұрланып, егеменді еліміздің жаңарған, жақсарған, дамудың жаңаша соқпағына түскен болашағы жарқын өңірге айналып отыр. Соңғы үш- төрт жылдың ішінде атқарылған шаруалардың өзі қыруар. Қаншама әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілген. Биылғы ауданымыздың 90 жылдығы аясында Құмкент ауылынан спорттық кешен заманауй үлгіде салынып, халықтың көз қуанышына айналды. Демеушілер есебінен ойын алаңдары берілді. Көркейту –көгалдандыру жұмыстары барынша жандана түсті.
Бүгінгі таңда Құмкент ауылдық округі үш елді мекеннен тұрады. Құмкент, Қызылкөл, Қызылқанат елді мекендері. Ауылдық округі негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Округ бойынша — екі мектеп, бір емхана, бір аурухана, бір ФАП, 3 балабақша, бір мәдениет үйі, бір ауылдық клуб, екі кітапхана, екі қазпошта бөлімшесі, байланыс бөлімшесі, телестанциясы, отыз шаруа қожалығы, он төрт дүкен, екі тойхана, бір дәмхан, бір жанармай құю бекеті, екі мешіт, екі саябақ, бір ұстаздар аллеясы бар. Барлық әлеуметтік нысандар заманауй үлгіде, талапқа сай.
Нұржамал МАЙУСОВА