Ордабасы ауданын толық газбен қамту жұмыстары 2021 жылы аяқталады
Түркістан облысының Ордабасы ауданында халықтың 6,9 пайызы ғана көгілдір отынмен қамтылған, деп хабарлайды «Хабар 24». Ал аудан аумағымен Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ газ магистралі өтеді. Жоғары қысымды төмендететін Темірлан автоматты газ тарату стансасының құрылысы да аяқталған. Алайда соған қарамастан, аудандағы 57 ауылдың 5-6-ы ғана көгілдір отынға қол жеткізген. Бұл – Ордабасы аудандағы Жамбыл ауылы. Елді мекен тұрғындары биылда көгілдір отынның жолын тосты. Дегенмен табиғи газдың «ауылы» жамбылдықтарға алыс секілді. 800-ден астам халық тұратын ауылда 169 түтін бар. Енді олардың көмір түсіруден басқа лажы жоқ. Зарина Пернешова, ауыл тұрғыны: – Көгілдір отын тапшылығын көріп жатырмыз. Қазір біз тек қана от жағамыз. Қыста көмір жағамыз. Өз ойым елді мекенге көгілдір отын берілсе екен деймін. Теспе елді мекенінің халқы да газ құбырын көптен күткен болатын. Ауылда газ тарту құрылыс жұмыстары аяқталып, көшеге көгілдір отын келген. Тұрғындарға енді газды өз үйлеріне тартып алу ғана қалды. Қуанышы қойнына сыймағандардың бірі – Әден Қалықұловтың отбасы. «Бастысы зайыбым от жағып, күл шығарудан құтылатын болды», — дейді отағасы. Әден Қалықұлов, Теспе ауылының тұрғыны: – Ендігі үмітіміз осы. Газды кіргізіп алдық. Енді 1-2 айда қосылса, қысқа қарай көмірден құталамыз ба деген ойымыз бар. Ұялыжар ауылдық округіне қарасты Ықыластемір елді мекеніне де газ құбыры тартылған. «Ауданда келесі жылы тағы 7 ауылға көгілдір отын беру жоспарда», – дейді коммуналдық саланың өкілдері. Қазір елді мекендердің жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Асқар Балабиев, Ордабасы аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі: – Ықыластемір және Теспе елді мекендеріне облыстық бюджеттен 205 миллион теңге қаралған. Қазіргі таңда толық бітті. Енді үйлерге кіргізу жұмыстарын күтіп отырмыз. Ауданды толық газбен қамту жұмыстары 2021 жылы аяқталады. Оған дейін ордабасылықтардың деніне қатты отынды молынан алуға тура келеді.