Леңгір балмұздақтары – сұраныс мол
Бүгін біз Түркістан облысында талай жылдан бері өзгермейтін дәммен балмұздақ шығарып келе жатқан компания жайлы әңгімелейміз.
«Балмұздақ» жеке шаруа серіктестігінің тарихы 1987 жылдан басталады. Ол кезде кішкентай ғана цех жанынан Леңгір аудандық тұтынушылар одағы бойынша кооператив құрылған. Ал 1998 жылы наурыз айында «Балмұздақ» ЖШС жеке фирма болып тіркелді. «Балмұздақ» ЖШС-нің сегіз адамнан тұратын негізгі жұмыскерлер тобы аудандық тұтынушылар одағының бұрыңғы қызметкерлері еді. Ол кезде балмұздақтың сүтті лакомка мен эскимо атты екі түрі ғана шығатын.
«Балмұздақ» ЖШС құрылған сәтінен бастап тауар түрін көбейтуді және тауар сапасын жақсартуды қолға алды. Балмұздақ жасауда тек қана табиғи қоспалар пайдаланылады. Тіпті ең қиын кезеңдердің өзінде компания бұл үрдістен айнымаған. Барлық қоспалар зертхана арқылы мұқият өңдеуден өтеді. Қазір компанияның өзінің жеке аккредитацияланған, 6 адамнан тұратын зертханасы бар. Шикізатты жергілікті және батыстағы өндірушілерінен сатып алады. Атап айтқанда сүт — сайрамдық фермерлерден жиналса, құрғақ сүт – белорусиядан, құрғақ глюкоза шырыны, глазурі германиядан жеткізіледі.
2000 жылдың басында компания өндірісті кеңейтіп, жаңа желі сатып алды. Оған «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ несие берді. Ал мемлекеттік бағдарлама шеңберінде «Даму» Қоры несиенің пайыздық мөлшерлемесін ішінара субсидиялады.
Компания дамуды мұнымен тоқтатпады. 2017 жылы «Даму-Өндіріс» бағдарламасына қатысып, италияда шығарылған желі сатып алды. Компания құрылған сәттен бастап цехтің жалпы аумағы 0,5 га-дан 2,0 га-ға дейін үлкейген. Бір мезгілде балмұздақ шығаратын үш желі жұмыс істейді. Сонымен қатар жаз кезінде балмұздақ шығару 1,5 мың тоннадан 3,3 мын тоннаға артады. Компания 100-ден аса балмұздақ түрін шығарады. Өндіріске 221 адам жұмылдырылған.
Damu.kz