Экологиялық жағынан ең таза өнім
Кеңестік кезеңде Шардара ауданындағы Ұзын ата ауылында 3-3,5 мың гектар алқапқа күріш егілген. Кейін жекешелендіру басталып, әркім өз бетінше күн көріп кеткен соң бұл дақылды егушілер де күрт азайып кеткені белгілі. Енді соңғы 4-5 жыл бедерінде күрішке қайта ден қоюшылар қатары көбейіп келеді. Қожалық төрағасы Рахымберді Айтмырзаевтың айтуынша бұл ауылдағы күріш экологиялық жағынан ең таза күріштердің қатарынан саналған. «Ұмытпасам, 1988 жылдары болса керек, кеңшар директорының тікелей бастамасымен халыққа таза өнім ұсынамыз деп 500 гектарға ешқандай гербицид пайдаланбай күріш тұқымын өсіруге кірістік. Сол кезде біздің күрішіміз экологиялқ таза күріш болып танылды. Оған мемлекеттен қолдау ретінде 20-30 пайыздай үстеме ақы төленетін. Яғни, біздің шаруашылықта өсірген күріштің бағасы өзге аймақта өсірілген күріштен қымбат жүретін еді. Мен сол тәсіл бойынша қазір де гербицидсіз өнім өндіріп келемін. Экологиялық таза өнім ретінде бұған мемлекет тарапынан баяғыдағыдай жеңілдіктер берілу жағын қарастыруымыз керек. Сонда ауданымызда күрішпен шұғылданушылар қатары молая түсері сөзсіз», — дейді Рахымберді Айтмырзаев.
42 жыл ауылда жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке жуырда ғана шыққан Мұрат Нұрпейісов жергілікті күріштің басқа аймақтағы күріштерге қарағанда бірнеше есе артықшылығы барын аудан мен облыстарда өткен жиындарда нақты дәлелдермен айтып жүрген білікті маманның бірі. Әу баста күріш өсіруге жер танаптарын арнайы дайындаған аудандағы 6 кеңшардың бірі осы Ұзын ата ауылы. Сол жер танаптары ауылда сол күйі сақталып тұр, күріш өсіруге дағдыланған кәнігі диқандар да көп. Су тас төбеден құйылып тұр, ауа-райы күріш өсіруге аса қолайлы.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі