Шардараның күріші тазалығымен танымал
Дәл қазіргі таңда Түркістан облысындағы Шардара ауданы бойынша егілген 1115 гектар күріштік алқапқа орақ түсіп, оның 530 гектары жиналып үлгерді. Диқандар қырманына 3720 тонна күріш салысы жиналды. Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша күріштің орташа өнімділігі гектарына 70,2 центнерден айналып жатыр. Орақ соңына дейін өнімділік көлемі тағы да арта түспек.
Әдеттегідей, Ұзын ата ауылының диқандары да күріш орағына белсене кірісіп кеткен. 20 гектар күріштік алқабының жартысына жуығын орып үлгерген «Айткүл – Атақоныс» фермерлік шаруашылығында тұрмыз. Қожалық төрағасы, ауыл биі Рахымберді Айтмырзаев пен осы ауылдың ауылшаруашылығы саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ел ағалары Пердебай Қаппаров, Мұрат Нұрпейісов, бүгінгі таңда «Қазмақта» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-інің аудандық филиалының бас агрономы Жұмахан Дүйсенов сынды азаматтар иіліп тұрған күріш масақтарын аялай сипап, бітік шыққан дәндеріне сүйсіне қарайды.
–Бұл «Мұстахиллик» деген Өзбекстанның сорты. Кезінде ауылымыздың басшысы, майталман күрішші Нартай Сапаров ағамыз арнайы барып, Тәшкендегі ғылыми-зерттеу институтынан 2-3 тұқым сортын әкелген еді, — дейді Жұмахан Дүйсенов. –Тәжірибе ретінде әкелген сол тұқымдардың ішінен осы сорт біздің өңірге тез жерсініп кетті. Өнімділігі жақсы, біздің табиғатымызға бейім болғандықтан, «Мұстахиллик» тұқымын көбейтіп, жаппай пайдалануға көштік. 125-130 күнде пісетін бұл сорттың өнімділігін 90 центнрден айналдырып, Одақ бойынша атымыз шығып, дүркіреген кездерді қалай ұмытамыз…
Аудан әкімінің баспасөз қызметі