Жамбыл облысында 2019 жылы қолға алынатын жобалар талқыланды

Облыс әкімдігінде бюджет есебінен әзірленіп жатқан жобалық-сметалық құжаттар және 2019 жылдың бюджетіне қаржыландыру үшін ұсынылуы тиіс жобалар, ЖСҚ құнын ықшамдау бойынша кеңес өтті.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, облыс бойынша барлығы 368 жобаның 147-не талдау жүргізілгенін жеткізді. Ал, 220 жобаның жобалық сметалық құжаттары әзірлену үстінде.

220 жобаның 123-і республикалық, тоқсаны облыстық бюджетке тиесілі болса, қалғаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асуы қажет болатын. Бүгінгі таңда қырық төрт жобаның жобалық сметалық құжаттары дайындалуда, елу тоғызының мемлекеттік сараптамадан қорытындысы күтілуде. Жалпы елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мыңға жуық жоба әртүрлі деңгейде іске асырылып жатыр. Қол қойылған 215 жобаның 200-і өңірлерде қолға алынған. Соның ішінде Жамбыл облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында он жоба қолға алынуда.

Асқар Исабекұлы ең алдымен бірінші кезектегі өзектілігі жоғары мәселелерді анықтап, жобаларды соған қарай талдау керектігін айтты. Бюджетті де қажеттілікке қарай ыңғайлаудың тиімділігін жеткізді. Күн тәртібіндегі мәселе алдағы уақытта әр басқарма және аудандар бойынша жекелей қаралатын болды.

2018 жылдың соңына дейін индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында құны 16,9 млрд теңгені құрайтын сегіз инвестициялық жоба іске асырылады.  Бұл кәсіпорындарда 947 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Гүлдана Әлімжанқызы келтірген мәліметтерге сәйкес биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. Яғни, бірінші тоқсанның қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 265 млрд теңгені құрап, 8,4 пайызға өсті. Сондай-ақ, өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасуына индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар да өз үлесін қосуда. Ағымдағы жылдың алты  айында бұл кәсіпорындар он үш млрд теңгенің өнімін өндірген.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444