405,0 мың тонна дән қамбаға құйылды
Бүгін Түркістан облысы әкімдігінде селекторлық жиын өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Биылғы 8 айлық қорытынды бойынша бюджеттің игерілуі мен 9 айда күтілетін болжам тыңдалды, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Бұл жөнінде қаржы басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаев пен білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов баяндама жасады. Сондай-ақ, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы мамандар да есепті кезеңді бағамдады.
Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев бюджетті дұрыс жоспарлап, қаржыны уақтылы әрі сапалы орындау керектігін айтты. Аталған басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Жиынның екінші жартысы ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті түйткілдерге арналды. Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Бадырақов екшеді. Оның айтуынша, биыл өңірде егіс көлемі 807 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,0 мың гектарға артқан. Егіс құрылымы бойынша масақты дақылдар 227,4 мың гектарға жеткен.Жүгері 6,6 мың гектарға артса, көкөніс, картоп, бақша өнімдері 7,5 мың гектарға жеткен. Биыл масақты дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 17,8 центнерден өнім алынып, 405,0 мың тонна дән қамбаға құйылды. Майлы дақылдардың 80 пайызы, яғни, 54,2 мың тонна өнім жиналған. Көкөніс, картоп, бақша дақылынан 2,7 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткіш орындалды.
Ағымдағы жылы 6,9 мың гектарға тамшылатып суғару әдісін енгізу тапсырмасы берілді. Сонымен бірге, өңірде мал басы да артқан. Мәселен, 8 айда ірі қара мал басы 30,6%-ға көбейіп, 998,1 мың басты құраса, қой мен ешкі 4,2%-ды құрады. Салада өсім байқалғанымен, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығын жетекші салалардың бірі ретінде көрсеткіштерді жақсарту, шаруашылықпен айналысатын азаматтарға қолдауды күшейту жөнінде тапсырма берді.
Дана Мырзақадір