Ақ жүгеріні қайта өңдейтін зауыт салынбақ
Түркістан облысына инвестиция тартып, туризм саласын түлетуге бағытталған халықаралық жиында қытайлық «Jiangsu Huale Electric Co., ltd» компаниясы қуаттылығы 50 мВт-тық Күн электр станциясының құрылысына 50 млн. АҚШ долларын бағыттайтын болып келісілді. Ал Чехиядан келген «AGRAS zelatovice a.s.» ұйымы 20 млн. АҚШ долларына ақ жүгеріні қайта өңдейтін зауыт салатын болды.
Сондай-ақ, Қазақстан және итальяндық «Kazakhstan Project Preparation fund» біріккен кәсіпорны сапалы керамзит өндіретін зауыт құрылысына 17 млн. АҚШ долларын бағыттап отыр. Отандық «VMS» ЖШС-і Түркістан облысында туризм саласында инвестициялық жобалармен әріптестік таныту мақсатында 1,5 млн. АҚШ долларын бағыттамақ.
Форум нәтижесінде Қытай елінен келген «Chery Commercial Vehicle.,LTD» концерні жалпы құны 20 млн. АҚШ доллларына автокөлік шығаратын зауыт құрылысын жүргізсе, қытайлық «Хуавей Технолоджиз Казахстан» компаниясы Түркістанда «Ақылды қала» жобасы бойынша ынтымақтастық танытуда 10 млн. АҚШ доллар көлемінде инвестиция салатын болды. Ал польшалық «FCA» ұйымы 1 млн. АҚШ долларына талшықты-оптикалық сымдар және желілік құрылғылар өндіретін зауыт құрылысын жүргізбек. Сонымен бірге, ресейлік Еуразиялық банк Түркістан облысында инвестициялық жобаларға ынтымақтастық танытатын болса, Біріккен Араб Әмірлігінен келген «Al-Masood» компаниясы өңірде туризм саласын дамытуда әріптестік жасамақ.
Аталған инвесторлар алдағы уақытта Түркістан қаласы мен облыс аумағында өз жұмыстарын бастайды. Нәтижесінде аймақта ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, туризм мен жеңіл өнеркәсіп өркендеп, өңірде жаңа өндіріс орындары ашылмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі