Қосымша бонустар берілмек
Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы тиісті қадамдарды жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік қызметкерлерге жалақы факторлық-балдық шкала бойынша төленетін болады. Бұл ретте қызметкерлердің жауапкершілігі, дербестігі, тәжірибесі, арнайы білімі, жүктемесі секілді факторлар ескеріліп, жалақы тағайындалады. Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, аталған жүйе мемлекеттік қызметшілердің өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, сапалы жұмыс істеуіне жетелейді. Бұған қоса, жыл соңында жұмыс нәтижесінің тиімділігіне сәйкес қосымша бонустар берілмек.
«Бұған дейін орталық және аудан деңгейіндегі мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ, мемлекеттік және жеке секторларда қызметшіге еңбекақы төлеуде теңсіздік болды. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі анықталған мәселелерді жояды. Бұл жүйе факторлы-балдық шкала негізіндегі тұрақты бөлік пен бонустардан тұрады. Мұндай жүйелер АҚШ, Сингапур, Жаңа Зеландия сынды озық елдерде және де БҰҰ, Дүниежүзілік пен Азиялық даму банктерінде қолданылады. Қазақстанда осы әдістеме бірқатар жеке және квазимемлекеттік секторлар енгізілген», — деді Ғалым Сұлтанұлы.
Жаңа жүйенің енгізілуінің тағы маңызды аспектісі аумақтар мен орталық қызметкерлерінің еңбекақыларының сәйкессіздігінің азайуы. Еңбекақылар арасында айырмашылық 70 пайыздан 10 пайызға дейін кеміген. Бұл аумақтардан кадрлардың жаппай кетуін азайтып, жергілікті мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, кадрлық белсенділікті күшейтіп отыр.
Сонымен қатар, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметшілерінің жалақысы да 2,5 есеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде Департаментте өткен конкурста жетекші маманға жарияланған бір орынға 39 адам құжат тапсырған. Жалпы, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесінің енгізілуі бірінші кезекте мемлекеттік органдардың ішкі резервтерінің құрылуын қамтиды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі