Кәсіпкерлерге демеу
«Қимылдағанның қыр асатыны» белгілі. Бүгінде кәсіпкерлік саласында бағын сынап көруге мүмкіндік мол. Мемлекеттік бағдарламалар да көмек қолын созады. Тіпті Үкімет тарапынан кепілдік беріліп, миллиондаған қаржы алуға да болады. «Бизнес Бастау» жобасы бойынша берілетін 18 млн теңгені қалай алу жолдары талайларды қызықтырғаны анық. Кәсіпкерліктің тасын өрге домалату үшін берілетін қаржыға қалай қол жеткізу жолдары арнайы семинарда жан-жақты түсіндірілді. «Оңтүстік» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытын халыққа насихаттау бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты да сол тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту. Сол арқылы жұмыссыздардың қатарын азайту. Айбосын Исламбекова, жеке кәсіпкер: «Ауыл шаруашылық мақсатта ірі қара мал бордақылау жөнінде өз жобамды ұсынып, «Агронесие гаранттың» 85 пайыздық кепілдігіне ие болғым келеді. Біз сияқты жаңадан бастағалы жатқан, бастайын деп жатқан кәсіпкерлерге қолдау білдіріп жатқан үкіметімізге алғысымызды білдіремін. Қазақстанның аграрлық салада дамыған мемлекет болуына үлкен септігін тигізетін жоба деп ойлаймын». Қомақты қаражат кез-келгенге ұстатып жіберетін аз ғана теңге емес. Ол үшін ең алдымен аталған жоба арқылы кәсіптік негіздерін оқып, білімін жетілдіріп, сертификат алуы қажет. Одан кейін бизнес жобасын ұсынады. Егер жоба қолдау тапқан жағдайда жылдық сыйақы мөлшері 6 пайызбен 18 млн теңгеге дейін несие алып, кәсібін ашуға мүмкіндік бар. Әрине алмақтың да салмағы бар. Несиені қайтарудың мерзімі кәсіпкерлер үшін 5 жылға, ал ауыл шаруашылығы бойынша жобалар мен кооперативтер құру үшін 7 жылға дейін ұзартылған. Нұрман Жұлдызбаев, «Атамекен» бизнес мектебінің басшысы:«Бизнес Бастау» бағдарламасына 3 санат бойынша яғни, жұмыссыздар, бастаушы кәсіпкерлер, өзін жұмыспен қамтығандар қатыса алады. Өтінішті кәсіпкерлер палатасына, жергілікті атқарушы органдарға және жұмыспен қамту орталығына беруге болады. Биыл облыс бойынша 1 500 адамды оқыту жоспарланып отыр. Оқу тегін. 1 ай оқиды. Ең алдымен тестілеуден өтеді. Оқу соңында дайын бизнес жоспар алуы қажет. Кәсіпкерлер палатасы қаржыландыруға дейін сүйемелдейді. Соңында бизнес жоспарын қорғауы тиіс». Бағдарламаның артықшылығы сол азаматтарға мемлекеттің өзі кепіл болады. Яғни, кәсібін жаңадан ашқандарға мүлкінің 85 пайызын, ал кәсібін өрге өрлетіп жүргендерге 50 пайызын мемлекет кепілдендіреді. Тұрғындардың қызығушылығын оятып, ынталандырып отырған бағдарламаны «ҚазАгроГарант» мекемесі бақылауда ұстайтын болады.