Ауыл шаруашылығын өркендету үшін…
Түркістан облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев келді. Ведомство басшысы аймақтың осы саладағы әлеуетін бағамдап, бірқатар нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен, Ордабасы ауданындағы «Каз Киотти» трактор зауытына атбасын бұрып, кәсіпорынның жұмысына оң баға берді.«Каз Киотти» — дала техникасын Оңтүстік Корея үлгісімен құрастырып, сататын бірден бір кәсіпорын. Қазір жылына 6 мың трактор құрастыруға қауқарлы. Сапасы жоғары, сервистік қызметі тың өндіріс ошағының тауарына сұраныс та жоғары. Айтып өткен жөн, шаруаларға қолжетімді болу мақсатында қазір «Каз киотти» тракторлары «Каз Агро Финанс» қаржылық компаниясы арқылы несиеге берілуде. Дархан Қылышбекұлы – «KAZ KIOTTI» зауыты құрамындағы «Жилстрой Индустрия» ЖШС директорының орынбасары “Ауыл шаруашылығы министрі еліміздегі жетекші саладағы техниканың талапқа сай болуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ, кәсіпорынның жұмысын жандандыру үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржылық көмек берілетінін айтып, қуантты. Бұл күні ведомство басшысы Түркістан облысындағы ірі жылыжай кешені ісіне де жоғары баға берді. Шаруашылықтың бұл түрі аймақ аумағында 1 325 гектарға жеткен. Шаруалар үшін мемлекет тарапынан мейлінше қолдау көрсетіліп келеді”. Шәріпхан Жүзбаев – «Қазығұрт бақтары» шаруа қожалығының директоры “Облыста жылыжай ісінің қарқынды дамуы нәтижесінде өнім көлемі артып отыр. Шаруалар жаңа технологияларды пайдалану арқылы шаруашылығының әлеуетін нығайтуда. Осыны ерекше назарға алған сала мамандары жылыжай шаруашылығының көлемін 2025 жылға дейін 1 655 гектарға жеткіземіз”,-деп отыр.
П.Биназарқызы