Үздік тауар өндірушілер
Түркiстан облысы кәсiпкерлер палатасының Түркiстан қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен «Бастау бизнес» бағдарламасын түсiндiру мақсатында жиын өттi. Бүгiнде қалада аталған бағдарлама бойынша бiлiмiн жетiлдiргендер саны 65 азамат болса, оның 61-i сертификатқа ие болған. Ендiгi кезекте кәсiпкерлер мал бордақылау және мал басын көбейту, шаштараз салонын ашу, жолаушыларды тасымалдауға арналған автобустар алу бағыты бойынша өз iсiн қолға алуды көздеп отыр. Жуырда Шымкент қаласында Түркiстан облысының «Өңiрлiк өнiмдерi-2018» ең үздiк тауарлардың көрме-жәрмеңкесi өткен болатын. Жәрмеңкеде түркiстандық «Гранд микс» ЖШС кәсiпорны мен «Дидар» шаруа қожалығы, жеке кәсiпкерлер — Зоя Шин, Абай Рысбаев, Дәурен Миншариповтер үздiк тауар өндiрушi атанды. Басқосуда осындай жетiстiкке жеткен жандарды Түркiстан облысы кәсiпкерлер палатасының Түркiстан қаласындағы филиалы директоры Нәлiбай Дәрiбаев құттықтап, облыстық кәсiпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакировтың атынан алғыс хаттар тапсырды. Расында Түркістанның экономикасын дамытып, өрге өрлетуге өкірте үлес қосып жүрген компаниялар қандай мақтауыңызға да лайық. Өндірген өнімдері сапалы, бағасы халыққа қолжетімді, әрі бюджеттің бүйірін толтырып, әрі жерлестерінің әлеуметтік ахуалын көтеруге жағдай жасап отырған компаниялар өз жетістіктері жайлы ісін енді бастағалы отырғандармен бөлісті. Бизнесті қалай бастап, қалай жүргізу қажеттігін, нарықтағы сұранысқа сай өнімді зерделеудің де құпияларын айтты. Кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықтың арқасында экономиканы дамытуға даңғыл жол ашылатыны сөзсіз.
Н.Мұхтарұлы