Жергілікті нарықта сұранысқа ие
Түркістан қаласына қарасты Оранғай ауылындағы «Яссы құс» шаруа қожалығына соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Мұнда тауық еті мен жұмыртқа өндіріледі. Бүгінде 12 мың бас етті бағыттағы және 22 мың бас жұмыртқа бағыттағы тауық өсірілуде. Жобаның құны 312 млн теңге. Қосымша 22 мың жұмыртқа бағыттағы тауық өсіріліп, жыл соңына дейін 90 тонна тауық еті және 10,8 млн. дана жұмыртқа өндірілмек. Жеке кәсіпкерлікті қолға алған шаруалардың бұл орайда ісі ілгері басқан. «Яссы құс» шаруа қожалығы өндірген жұмыртқа бүгінгі таңда жергілікті нарықта жоғары сұранысқа ие. Мұнда 50 000-ға жуық тауық ұстайды. «Ломан классик» тауығы мен бройлер балапандарын өсіруді қолға алған кәсіпорын заманауи құрылғылармен жабдықталған. Тәуліктік балапандарды 6 ай мерзімінде өсіріп, олардан балғын жұмыртқа алып отыр. Бір тәуліктік балапандарды 130-135 күн баққан соң ет алады. Қазір күніне 3000-5000 дана жұмыртқа алуда. 1 -2 ай көлемінде күніне 20 000 жұмыртқаға дейін көбейтуге мүмкіндік бар. Тауықтардың күтімі айрықша. Жем-су ретінде күніне 4 мәрте отандық өнімдер беріледі. Егер өздерін жайсыз сезіне бастаса, жұмыртқа саны күрт азайып кетуі мүмкін. Сондықтан жабық режимде ұсталады. Тапсырыстар Түркістан, Кентау қалалары мен жергілікті ауыл-аймақтардан келіп жатыр. Алдағы уақытта облыс орталығынан бөлек, еліміздің өзге аймақтарына да жұмыртқа жеткізу жоспарлары бар.