«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының жақтастары 3000 адамға жуықтады
Еңбек адамы үшін — тұрақты табыс, лайықты құрмет және қауіпсіздік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының құқығын қорғау, беделін, абыройын көтеру, культін қалыптастыру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Алайда өкініштісі сол, отандық кәсіпорындарда еңбектегі қауіпсіздік мәселесі сын көтермейді. Ресми дерек, биылғы қаңтар-мамыр айларында кәсіпорындарда 500-ге жуық жұмысшы жарақат алып, 59 адам қаза тапқан. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Бұл проблеманы қалай шешуге болады? «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының оңтүстік өңіріндегі өкілдіктері, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте бас қосып осы мәселені талқылады.
Кездесуге Қоғамдық қордың Алматы мен Шымкент қалаларындағы, Түркістан, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда мен Алматы облысындағы өкілдіктерінің жетекшілері, белсенділері мен жақтастары барлығы 70-тен астам адам қатысты.
Бүгінгі таңда «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының жақтастар саны ел бойынша 3000 адамға жуықтады, олардың дені осы оңтүстік облыстардың белсенділері. Қоғамдық қор құрылғалы бері оның өкілдері өңір белсенділермен бірлесіп, үлкен жұмыс атқарды. Бұл жайында Қордың директоры Дана Рысмұхамедова айтып берді. «Қордың барлық облыста өкілдіктері бар. Енді біз әр облыстағы тірек аудандарда да ашылуды жоспарлап отырмыз. Себебі, еңбек адамының үнін есту, оған қандай да бір қолдау көрсету азаматтың тұрғылықты жерімен ғана байланысты болмауы керек» деді Қор директоры.
Жиын барысында Қордың Түркістан облысы бойынша өңірлік өкілдігінің жетекшісі Әдемау Толысбаева тұтас қоғамда «еңбек адамының» мәртебесін көтеріп, адал еңбек культін дәріптеуді еңбек заңнамасын жетілдіруден бастау қажет деген пікірімен бөлісті. Айта өту керек, Қор бұған дейін Еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық комиссия жөнінде жұмыс тобын құрған. Қор осылайша жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында диалог орнатуды, даулы жағдайларда бітімгер болуды көздейді. Сондай-ақ, қор «Әділдік құқығы» интернет-қабылдауын да қолға алды. Оның мақсаты әрбір азаматқа еңбек құқығы бойынша тегін заңгерлік кеңес беру, қазақстандықтардың құқықтық сауатын жоғарылату.
Қордың Шымкент қаласындағы өкілдік жетекшісі Эльенора Ағабекқызы еңбек адамының мүддесі мен құқығын қорғау тақырыбын жалғастыра отырып, жұмыс тәжірибесіндегі нақты кейстермен бөлісті. Кездесу аясында қор белсенділерінің ұсынысымен әзірленіп жатқан «Оңтүстік» іс-әрекеттер жоспарының барысы да таныстырылды.
Анықтама: 2023 жылдың күзінде бір топ мүдделес азаматтар «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық Қорын құрды. Осы уақыт ішінде Қордың қатарына елдің әрбір өңірінен 3 000-ға жуық жақтастар келіп қосылды. Олардың арасында өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары, фермерлер, кеншілер, құтқарушылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен журналистер, түрлі ҮЕҰ өкілдері бар. Олардың мүддесі мен елдің болашағына деген сенім ортақ – ол әділетті қоғамды құруға өз үлесін қосу.
Қосымша ақпарат үшін «Әділдік және Өркендеу» Қорының баспасөз қызметіне хабарласуды сұраймыз:
тел.: +7 701 986 9966, Гүлжан Мархабаева – Қордың баспасөз хатшысы
тел.: +7 747 849 26 47, Бауыржан Ибрагимов – Қордың Шымкент қаласы бойынша медиа-менеджері.
пошта: adildik.org.kz@gmail.com, сайт: https://adildik.org.kz