Зауытқа қажетті құрал шығарады

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының Түркістан облысындағы сапары жалғасуда. Күні кеше мәжілісмен Сапархан Омаров Кентау қаласына келіп, шаһардың өндіріс орындарымен танысты, деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасы . Құрылысы қарқынды жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды аралап, ондағы жұмысшылармен тілдесті. Елдік маңызы зор бағдарламаларды талқылады. Халыққа бір табан жақын халық қалаулылары Елбасының бастамасымен жылына бір рет  өңірлерге сапар шегеді. Мақсат — аймақтың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, жергілікті тұрғындармен жүздесу. Арыз-өтініштеріне құлақ асып, Елбасының саясатын түсіндіру. Қаратау тәжіне арнайы келген Сапархан Омаров бірінші кезекте,  «Юг-Электропривод» ЖШС ат басын бұрды. Кәсіпорын 2015 жылдан бастап, тұрақты жұмыс істейді. 50 азамат жұмыспен қамтылған. Трансформатор зауытына қажетті өлшегіш жабдықтарды шығарады. Қаланың қазынасына қомақты қаражат құйып отырған кәсіпорын бүгінде даму үстінде. Депутаты, бұдан соң шаһардағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен  танысты. Соның бірі — 300 орынға ықшамдалған колледж жатақханасы. Кентауда  жатақханамен қатар, ауысымына 500 адам қабылдайтын медициналық жедел жәрдем станциясы, қалалық емхана, көпқабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Әлеуметтік нысандар жуық арада  бой көтеріп, ел игілігіне беріледі.

А.БИДАН

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444