Тұтынушы құқығын қорғау туралы заң өзгеретін болды

Елімізде тұтынушы құқығын қорғау туралы Заң өзгеретін болды. Енді бизнес, кәсіп иелеріне шағым түсіргісі келетін тұтынушыларда еркін таңдау бар. Олар бұрынғыдай 4 этаптан тұратын алгоритмнен өтіп, уақытын жоғалтпайды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлап отыр.
ҚР Парламенті Мәжілісінде жаңа редакциядағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасы әзірленіп жатыр. Шымкент қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрасыл Төлеев бұл ақжолтай ақпар екенін айтады.
«Бұл Заң жобасын әзірлеуде ұзақ мерзімді зерттеу, азаматтардың өтінішін талдау мен мониторинг нәтижелері, тұтынушы құқығын қорғайтын қоғамдық институттардың пікірі ескерілгені белгілі. Бізге де Шымкент қаласының тұтынушылары жиі шағымданып келіп жатады. Алайда, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бірінші кәсіпкердің өзіне ресми шағымхат жазуды ұсынғанда, салдары суға кетіп немесе бастапқы ойынан айнып, қолды бір сілтей салатындар көп болатын», — дейді департамент басшысы Нұрасыл Төлеев.
​Жаңа заң жобасында «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңының» 6-1 бөлігінде көрсетілген тұтынушылардың арыз-шағымын қараудың 4 сатылы алгоритмі өзгеруі мүмкін. Бірінші кезеңі – кәсіпкердің өзіне тікелей шығу, келіссөз сәтсіз болып, тұтынушының арызын кәсіпкер қанағаттандырмаса, екінші кезеңге өтеді. Ол міндетті түрде медиатордың көмегіне жүгіну. Үшінші кезеңде ғана мемлекеттік органға шағымдана алады. Ал әкімшілік мемлекеттік органның жеке тұлғалардың арасында туындаған дауды шешуге өкілеттігі жоқ, себебі ол сот құзіретіне жатады. Бұл қарапайым азаматтар үшін тым күрделі әрі қиын процесс деп отыр мамандар. Заң жобасында логикаға сәйкес келмейтін бұл жүйені алып тастау ұсынылып отыр.
​Бұдан бөлек тұтынушы құқығын қорғау ережесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы, байланыс, туризм, мәдениет, сауда және көлік салаларына да енгізілмек. Құқығы бұзылған жағдайда тұтынушы сотқа дейінгі кезеңде шешілмеген түйіткілді сот арқылы айыппұл арқалатып, кәсіпкерді азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік алады. Бұл, әрине, уақыт еншісінде, Заң жобасы қабылданған жағдайда туатын мүмкіндік.
​Айта кету керек, Шымкент қаласында белгілі бір кәсіпкер, сауда орны тұтынушы ретінде құқығыңызды таптап жатса, жергілікті сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне барып, мамандардан тиісті кеңес алып, жүгінуге болады. Мекен жайы: Түркістан көшесі, 2а, 3 қабатты ғимарат.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444