СУДЬЯНЫҢ ЭТИКАЛЫҚ ҰСТАНЫМДАРЫ
Сот билігін атқарушы ретінде тағайындалған лауазымды тұлға ол – судья.
Ол сот билігінің өкілі ретінде барлық құрмет пен беделге ие. Сот органының құрамына сайланған адамдардың да өзіндік атқаратын этикалық талаптары бар. Осыған сәйкес, Судьяларға қойылатын талаптар 1996 жылғы 19 желтоқсанда Судьялардың бірінші Сьезінде қабылданған болатын. 2001 жылдың маусымында өткен Судьялардың ІІІ Сьезінде бұл талаптарға біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Сот этикасы — судьялармен бірге, прокурорлардың, тергеушілердің, адвокаттардың барлығының қызметіне бірдей негізделген. Қызметтерін атқару жолында орын алатын ерекше жағдайларда олар моральдық тұрғыда ізгілік нормаларын сақтап, қылмыстық істерді тергеу мен оны шешуде шектен шықпай, этикалық тұрғыда ізгілік қағидалары мен талаптарын жүзеге асырып отыруы тиіс.
Қай қызмет түрін алып қарасаңыз да, олардың өзіне сай кәсіби этикасы бар. Мәселен, дәрігерлер этикасы, әскери тұлғалардың этикасы, педагогикалық этика. Қай-қайсысын алып қарасаңыз да, сол салаға байланысты орын алған ерекше жайдайларда ізгілік нормаларын сақтау баса көрсетілген.
Сот этикасының дамуы мораль қағидаларымен тікелей байланысты емес. Тек қылмыстылықпен күресте және тұлғаның құқықтары мен мүдделерін қорғау барысында ерекшеліктерін ескере отырып, ізгілік қағидаларын ұстанады. Бұл жалпы барлық жағдайда кәсіби ізгілік нормасын сақтау қажет деген сөз емес. Қызмет жолындағы маңызды нақты шешімдерде бұл шектеу болмауы керек.
Қазақстан Республикасы судьяларының 2009 жылғы 18 қарашадағы V съезінің қаулысымен бекітілген Судья этикасының кодексі
1 бап
Судья антқа адал болуға, заңдарды бұлжытпай сақтауға және судьяның мәртебесін қадірлеуге, өзінің ар-ожданымен жеке басының қадір-қасиетін сақтауға міндетті.
Судья сот билігінің беделін түсіретін, судьяның абырой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыруы кезінде оның объективтілігі мен тәуелсіздігіне күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен қандай жағдайда болмасын өзін аулақ ұстауға тиіс.
Судья қоғамдық және өзге де байланыстардың оның кәсіби қызметіне ықпал етуіне жол бермеуі қажет.
Судья қызмет бабын өзінің жеке басының мүдделері, отбасы мүшелерінің, туыстары мен жақындарының мүдделері үшін пайдалануға тиіс емес.
Судья құпия сипаттағы материалдық мүдделер туралы хабардар болуға және өзінің отбасы мүшелерінің материалдық мүдделері туралы ақпарат алу мақсатында ақылға қонымды шаралар қабылдауға тиіс.
2 бап
Судья өзінің кәсіби қызметінде және қызметтен тыс кезінде заңдарды, Судья әдебінің кодексін, жалпы жұрт қабылдаған мораль нормаларын сақтауға міндетті.
Судья заңдарға және ар-ожданына сәйкес шешім қабылдауға тиіс.
Судья процеске қатысушылармен іс жүргізуден тыс қарым-қатынастардан аулақ болуға, оның кәсіби беделіне күмән тудырмайтындай тәртіпті ұстануға тиіс.
Судья бейтарап болуға міндетті. Қоғамдық пікір, судья қызметін БАҚ-та сынау оның шешімдерінің заңдылығы мен негізділігіне ықпал етпеуге тиіс.
Судья сот актісі шығарылғанға дейін оның мәні, айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, арыздың негізділігі не негізсіздігі туралы өзінің пікірін жария етіп білдіруге, сондай-ақ соттардың заңды күшіне енген қаулыларына кәсіби қызметінен тыс жағдайда күмән келтіруге және өз әріптестерінің кәсіби әрекеттерін сынауға құқылы емес. Судья өзінің міндеттерін атқару кезінде алған ақпаратты ашуға немесе өз мақсаттарына пайдалануға, кеңесу бөлмесінің құпиясын ашуға құқылы емес.
Судья сыпайы, төзімді, әдепті болуға және сотқа қатысушыларға құрметпен қарауға тиіс. Судья сот ісін жүргізуге қатысушы барлық тұлғалардан тап осындай тәртіпті талап еткені жөн.
Осы талаптар орындалған кезде ғана сот билігінде тазалық пен шынайылық орын алып, жасандылыққа жол болмайды. Сот шешімі қай кезде де маңызды. Сондықтан оған әділ жолмен қадам жасап, ерекше жайдайларда этикалық тұрғыда ізгілік таныту үлкен құрмет болып табылады.
Н.Ш.ИСМАИЛОВ,
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы