БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ БАСШЫЛАРЫМЕН ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Жетісай ауданында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісовтің қатысуымен «Біз жемқорлықсыз мемлекет құрамыз» тақырыбында өңірлік семинар болып өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты — білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық деректерінің орын алуына жол бермеу және қоғам дертінің туындауына бірлесе төтеп беру.
«Ұлы дала ауылдары» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өткен шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары С.Примбеков, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы Қ.Қалықұл, Мақтаарал және Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімдері мен аудандарға қарасты жалпы орта мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары қатысты.
Жиында Ержан Әлиұлы 2021 жылы Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен тіркелген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының 11-і білім беру саласына қатысты екендігін баяндап, өскелең жастың ертеңін қалыптастыратын білім беру саласында бармақ басты әрекеттердің туындауына жол бермеу қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ, Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер мен 5 жыл уақыт аралығын қамтитын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында айқындалған негізгі аспектілерге тоқталып, өзгерістер мен жаңашылдықтар бойынша ақпарат берді.
Мақсатты кездесу барысында білім беру саласы жемқорлық көріністері жиі орын алып жатқан салалардың қатарында жүргені баса атап өтіліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына негіз болатын себептер мен жағдайлар ортаға салынды.
Семинар соңында Ержан Әлиұлы жиынға қатысушыларды ар тазалығын биік ұстауға және ел игілігі жолында халыққа қалтқысыз қызмет етуге шақырып, бармақ басты әрекеттермен бірлесе қарсы күрес жүргізуге шақырды.