ТҮРКІСТАНДЫҚ АГРАРЛЫҚ САЛА МАМАНДАРЫ ТЕМІР ТОРДАҒЫ ТӘРТІППЕН ТАНЫСТЫ
Cыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі — шенеуніктерді бас бостандығынан айыру орындарына апарып, парақорлық қылмысымен құрықталған азаматтардың тар қапастағы тіршілігімен таныстыру болып табылады.
Осы мақсатта, ағымдағы жылдың 25 мамыр күні Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бастамасымен және облыстық Полиция департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен квазимемлекеттік сектор субъектілері жұмыскерлерін уақытша ұстау изоляторының ахуалымен таныстыру жұмыстары басталды.
Темір тордың арғы жағындағы қатаң тәртіппен таныстыру жұмыстары, ең алдымен сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінің негізінде Сарыағаш және Қазығұрт өңіріндегі аграрлық шаруашылық саласының жауапты мамандары арасында өтті.
Уақытша ұстау изоляторын таныстыру барысында Сарыағаш және Қазығұрт аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері 40-қа жуық лауазым иелерін қамаудағыларды ұстау шарттарымен, төсек орынмен, медициналық бөлме, жуынатын бөлме, аула сынды орындармен жіті таныстырып шықты.
Жемқорлық көріністеріне жол бермеуді мақсат еткен ұйымдастырушылар лауазымды тұлғаларды тура жолдан таймауға шақырып, қызмет бабын асыра пайдаланудың соңы ауыр жазаға әкеліп соғатынын ескертті.
Мұздай қара құлып пен тікенді темір тордың арғы жағындағы өмірді өз көздерімен көрген лауазым иелері тар қапаста отырғандардың өкінішін жүрекпен сезіп, олардың қатесін қайталамауға ниетті екендіктерін жеткізді.
Айта кетсек, Агенттіктің бастамасымен 2020 жылы Түркістан өңірінде қолға алынған бұл тәжірибе елімізде орын алған пандемия жағдайына байланысты уақытша тоқтатылып, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ел аумағында қайта қолданысқа енгізіліп отыр.
+2
963
Охват (люди)
56
Взаимодействия
Продвижение недоступно
You и 3 others
1 Share
Like
Comment
Share