ТҮРКІСТАНДА АДАЛ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ ЖҮЙЕСІНЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛМЕК
Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттау мақсатында өңірдің бизнес қауымдастық өкілдері мен облыс активінің қатысуымен мақсатты жиын өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты — бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адал бизнесті дамыту мен облыс аумағындағы кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісі болуға шақыру.
Өмірзақ Естайұлы өз сөзінде, өткен жұма күні Мемлекет басшысы отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде ел игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін атап өтіп, билік өкілдеріне бірқатар тапсырмалар жүктегенін, соның бірі, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Концепциясын жан — жақты талқылау тапсырмасы. Бүгін Сіздермен осы тапсырмаларды сапалы орындау үшін және маңызды стратегиялық құжаттың бизнеске қатысты бағыттарын ортаға салып, өңірімізде адал бизнесті одан әрі дамыту бағытында пікір алмасатынын алға тартты.
Жиында кезегімен сөз сөйлеген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет Агенттікпен арнайы әзірленген 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының негізгі бағыттарын таныстырып, адал бизнесті дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарды бизнес өкілдерінің назарына ұсынды.
Кездесуде бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру бойынша ұсыныстар кең талқыланып, кәсіпкерлік саласында ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын енгізу мәселері ортаға салынды.
Жиын соңын қорытындылаған өңір басшысы Тұжырымдама шеңберіндегі ұсыныстардың тиімділігін тілге тиек етіп, облыстағы кәсіпкерлік саласын ілгерілетуге және жемқорлықпен күрес шараларын жүйелі жүргізуге жалпы қоғам болып жұмыла атсалысу қажеттігін жеткізді.