“NUR OTAN” ПАРТИЯНЫҢ ОҢДЫ ІСТЕРІ

Қазақстан Республикасы биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтті. Бұл үлкен тарихта көп уақыт болмағанымен, бір елдің еңсесін тіктеу жолында айтулы жетістік. Тәуелсіздік жылдары еліміздің әл-ауқаты көтеріліп, экономикасы алға жылжыды. Халықтың жағдайы жақсарып, Қазақстан дамудың жарқын жолына түсті. Бұл істе «Nur Otan» партиясының алар орны ерекше.
​ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның алғашқы құрылған 1999 жылдан бастап билік партиясының дара жолын, ел алдындағы міндеттерін айқындап берді. Партия бүгінде барлық салада тамырын тереңге жайып, халықтың әл-ауқатын көтеру жолында көшбастайтын саяси күшке аналғаны шындық. Бұл орайда оның жетекшісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Оның сарабдал саясатының арқасында еліміз бүгінде әлемге танылған жағдайға жетті. Елде саяси маңызға ие жиындар, спорттық, мәдени үлкен шаралар өтті. Жаңа Астана бой түзеді. Бұл отыз жылдық тарихтағы айтулы жетістік.
​2019 жылы «Nur Otan» партиясына 20 жыл толды. Партияның съезінде Н.Назарбаев Қазақстанның өткен 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, еліміздегі барлық оң өзгерістерге ықпал еткен «Нұр Отан» партиясының рөлін ерекше атап өтті.
– Біздің басты басымдығымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту. Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық. Елімізде әрдайым әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп келді, бұл көрсеткіш алдағы уақытта бірте-бірте арта беретін болады, – деді Елбасы. Ал әлеуметтік саясатты одан әрі жүзеге асыру бағытында «Партия жұртшылықтың күнделікті мәселелерін шешу ісіне белсенді атсалысуға тиіс. «Халыққа көмек» жобасы осы жұмыстарды жандандыруға бағытталған. Бүгінгі таңда қоғамның өзекті сұраныстарына жедел жауап беру және соларға мемлекеттік органдардың назарын аударту маңызды мәселе саналады» деп атап өтті.
​Отыз жылдыққы орай Елбасы «Тәуелсіздік тағылымы» атты көлемді мақала жариялады. – Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын – деп ерекше атады.
​Біздер, Шымкент қалалық мәслихаты депутаттары, «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері Елбасы мен Президенттің, партияның алға қойған міндеттерін бұлжытпай орындау мақсатында бар күш-жігерімізді халықтың әлеуетін арттыру жолына арнап келеміз. Шымкент қаласын 2021-2025 жылдарға арналған дамыту бағдарламасы қабылданды. Оны жүзеге асыруда мәслихат депутаты ретінде де бірқатар міндеттер арқалап отырмыз және алға қойған мақсаттарды орындауға күш салып келеміз. ҚР мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы №790 қаулысына сәйкес, Шымкент қаласын 2021-2025 жылдарға дамыту бағдарламасы жаңа форматта әзірленді. Ол Шымкент қалалық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы арнайы шешімімен бекітілді. Осыған байланысты, бағдарламаны әзірлеу барысында қаланы дамытудың өзекті мәселелеріне талдау жүргізіліп, қаланың инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту, қаланы абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылым мен баспана, көгалдандыру мен экологиялық жай-күйін жақсарту мәселелері бағдарламаға енгізілді. Бағдарламада «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасындағы қаралған шаралар қамтылып, қатаң бақылауда. Бағдарламада өңір экономикасының өсімі, өмір сүруге жайлы және қауіпсізді өңір, өмірдің жаңа сапасын қамтамасыз ету бойынша үш бағыт қамтылған.
2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айының қорытындысымен өнеркәсіп өнім көлемі 555,8 млрд.теңге болып, нақты көлем индексі 106,5 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 34,1 млрд.теңгені құрап, нақты көлем индексі 1,6 пайызға өсті. Инвестиция көлемі 260,7 млрд.теңгеге жетті. Оның ішінде, 2021 жылы жалпы құны 40 млрд. теңгені құрайтын, 800-ге жуық жаңа жұмыс орнымен, 17 инвестициялық жобаны іске асырылуы жоспарлануда.
Шағын және орта бизнес дамып келеді. 2021 жылы 931 жобаны қаржыландыруға 2,6 млрд.теңге қаржы қаралды. Екінші «Өмір сүруге жайлы және қауіпсіз өңір» бағытында, 2021 жылы 15,5 млрд.теңгеге 14 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 2 нысан аяқталды. Жылдың соңына дейін 10 нысанның құрылысы аяқталады. 26 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Кәріз жүйесімен қамту мақсатында 6,4 млрд.теңгеге 13 нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде 1 нысан аяқталды. Электр желісі бойынша 20 нысанның құрылысына 11,4 млрд.теңге қаржы бөлінген. Екі нысан пайдалануға берілді. Осының нәтижесінде 21 мыңға жуық халық сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Ағымдағы жылы газ құбырын тартуға 5,9 млрд.теңге қаржы бөлініп, 18 нысанның құрылысы жүргізілуде, 2 нысан пайдалануға берілді. Жылдың соңына дейін 6 нысанның құрылысы аяқталып, 11 мыңға жуық халық газбен қамтамасыз етіледі. Тұрғын үй саласында, 2021 жылға 79 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысына бюджеттен 29,1 млрд.теңге қарастырылып, 1 000,0 мың.шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланды. Нәтижесінде, 336 көпбалалы отбасы және әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен 397,8 мың шаршы метр немесе 2 814 пәтер қолданысқа берілді. Ал үшінші бағытқа сәйкес, 2021 жылы 11 064 орынға арналған 24 мектеп пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде бюджет есебінен 1 920 орындық 4 мектеп бар. Үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы шешу жоспарланған. Денсаулық сақтау саласында жеке инвесторлар есебінен 5 медициналық орталық ашылды. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында, 2021 жылға қаладағы 20 шағынауданға 4 мыңнан астам балаларға арналған спорт секцияларын ашуға бюджеттен 339,8 млн.теңге қаржы бөлінді. Одан бөлек, қалада «Жастар лигасы» атты спорттық іс-шара өткізіліп, футбол, волейбол, баскетбол, шахмат спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, 8 569 бала жарыстарға қатысты.
Әлеуметтік қамту саласында, 5 жылда 80 мыңға жуық тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделсе, 2021 жылы 23 722 жұмыс орындарын ашу жоспарланса, ағымдағы жылдың 10 айында 24 мың жұмыс орындары ашылды. «Халықты жұмыспен қамту орталығы» халыққа сапалы және қолжетімді қызметтер көрсету мақсатында Шымкент қаласының 4 аудандарында филиалдар ашылды.
Сөз соңында айтарымыз, барлық саладағы саралап өткен жұмыстар қала халқының әл-ауқатын көтеруге, еліміздің экономикасын тұрақтандыруға бағытталған кешенді бағдарлама екенін атап өткен жөн. Барлық түйінді мәселе бір күнде не бір сәтте шешілмейді. Оған кешенді бағдарлама, табанды еңбек, белгілі уақыт қажет. Сондықтан бірте-бірте Шымкент көркейген, туризмі дамыған, ауқатты қалаға айналады деген сенімдеміз. Осы орайда қалалық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі ретінде еңбегімізді осы игілікті істерге арнай береміз деп сендіргім келеді. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің бірі ашықтық болса, депутат ретінде халықпен етене жақын, мейлінше проблемаларын көп тыңдауға атсалысып келеміз. Бағытымыз да, мақсаттарымыз да айқын. Ендеше алынбас қамал болмайды деп ойлаймыз. Әрбіріміз еліміз үшін, тәуелсіздік үшін күресуді мүдде тұтсақ, нәтижеге бірге жетеміз. Ата-бабаларымыз елді сыртқы жаудан найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғады. Шүкір, бүгінде Қазақстан тәуелсіз, дербес дамудың жолында. Қасиетті құндылықтардың қадіріне жетіп, аянбай еңбек ету әрбір қазақстандықтың асыл міндеті болып қала бермек.

Бәйкен ӘШІРБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *