ТҮРКІСТАНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КОМПЛЕАНС ҚЫЗМЕТІ БОЙЫНША КЕЗЕКТІ ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметін квазимемлекеттік сектор қызметіне енгізу мәселесі бойынша квазимемлекеттік сектор өкілдеріне семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты — «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Түркістан өңірінде квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарында ұжымдық адалдық стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институтын енгізу бойынша ақпараттық және ағарту жұмыстарын жүргізу.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің негізгі басымдықтары талқыланған семинарға Агенттіктің өңірлік Департаментінің басқарма басшысы Ғабит Жүндібаев, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облыстық филиал директоры Айнұр Идрисова, Түркістан облыстық әкім аппаратының бас инспекторы Бауыржан Досжанов, квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарының басшылары мен бейнебайланыс арқылы қала/аудандардан 200 — ге жуық комплаенс офицерлері қатысты.
«Біздің ұстанымымыз — квазимемлекеттік сектордың барлық ұйымдарында комплаенс бөлімшелерін құру арқылы мекемеде туындайтын құқық бұзушылықтардың алдын алу және компания басшылығы үшін комплаенс — қызметтер институтын қалыптастыру»-деді Ғабит Өмірәліұлы.
Тренинг барысында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерттеу орталығының сарапшысы Айбек Қабылдин «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс: ISO 37001 халықаралық стандарты» тақырыбы аясында толымды ақпаратымен бөлісіп, комплаенс қызметін енгізудегі негізгі ерекшеліктерге тоқталды.
Шара соңында жиынға қатысушылар тақырып аясында толғантқан бірқатар сауалдарын жолдап, өзара пікір алмасты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *