Отандық өніммен мақтануға болады
Түркістан облысы бүгінде халқының саны жағынан да, экономикасының өсіп, өркендеуі жағынан да көш бастап тұр. Әсіресе индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша да алдыңғы лекте. Дамыған батыс елдеріндегі зауыт, фабрикалардан қалыспайтын, заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орындары өзімізде де бар екенін мақтанышпен айтуға болады. Аталмыш жобалардың ішінде «Азала текстиль», «Әлем — ВТ», «Карлскрона» және «Хилл корпорашейн» мен Кентау трансформатор зауыттарының өнімдері бүгінде импорт өнімдерден еш қалыспайтыны анық. Сапасы өте жоғары болғандықтан осы өндіріс орындарының өндірген өнімдерін тұтынатындар тіптен көп. Баса назар аударарлық жағдай өңірдің экономикалық өсімі көңіл көншітерліктей. Инвестиция тарту жағынан да ілгерілеушілік бар. Өткен жылы инвестиция көлемі 416 миллиард теңгені құраған. Ал сыртқы инвестиция 48,3 миллиардтан асса, шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 2 миллиард АҚШ долларынан асатын 24 жоба жүзеге асырылған. Бүгінгі күні шитті мақтаның 35 пайызын өңдейтін өңір келешекте одан да өнімді жұмыс істеуге мүдделі. 2020 жылға дейін шитті мақтаның 90 пайызын облыстағы кәсіпорындармен өңдеу жоспарланған. Одан бөлек шитті мақтаны 54 пайызға өсіру да алға қойған ауқымды мақсаттардың бірі. Мақта шаруашылығын дамыту өз нәтижесін берген жағдайда оның өнімін тұтынатын фабрикалар өңірде бар. Шикізатты шетелден тасымай-ақ өзімізде өндіріп, кәдеге жарататын боламыз. Бұл дегеніңіз әрине өндірілген өнімнің өзіндік құны арзандайды деген сөз. Тұтынушы да риза, өнім өндіруші де риза болатындай уақыт алыс емес.