Қазақтың нанын жеген адам, тілін де білуі тиіс
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай “Мемлекеттік тіл — тәуелсіздік символы” республикалық байқауы аясында ұйымдастырылған “Мен қазақша сөйлеймін” акциясына қатысушы Шымкент қаласының тұрғыны, татар ұлтының өкілі, зейнеткер Фаткульбаянова Насима Борисқызы “Қобыланды батыр” жырынан үзінді оқыды.
Мемлекеттік тілде сөйлеу — әр қазақстандықтың міндеті деп санайтын қалалық татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Насима мұндай іс-шараға қатысуды үлкен мәртебе деп біледі.
– Әлемде қазақ халқындай жүрегі кең, көңілі дархан ұлт жоқ деп санаймын. Қиын-қыстау кезеңде барша этностарды құшағына алып, бауырына басты. Өз басындағы қиындығына қарамай бір нанын бөліп берді. Ендеше, Қазақтың нанын жеген адам, тілін де білуі тиіс, — дейді Насима Борисқызы.