Қазақ жұртының кең пейілі мен қонақжай қасиетіне басымды иемін

Темур ПАК, Шымкент қаласының тұрғыны, Қазақстан халықтары Ассамблеясы корей этномәдени бірлестігінде Жастар қанатының төрағасы, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» медалінің иегері.

 

  • Саяси қуғын-сүргін және XX ғасырдың жер аударылуының қайғылы жылдарында миллиондаған адамға көмек пен қолдау көрсеткені үшін олардың қазақ халқына деген ризашылығы шексіз.

Ұлтым кәріс, жаным қазақ, – дейді шым шаһардың тұрғыны, жас ұстаз Темур ПАК– Біздің аталарымыз кеңестік солақай саясаттың кесірінен құтты қонысынан үдере көшіріліп, еріксіз босқынға ұшырап зорлықпен қуғын-сүргін көргенде арып-ашыған өзге ұлттың өкілдеріне қазақ халқы жанашырлық жасап, құшағын жайғаны тарихтың ақтаңдақтарынан баршаға белгілі. Сол сұрапыл заманда бір үзім нанды бөліп беріп, қайырымдылық қамқорлығын көрсеткен бауырмалдығын әулеттің үлкендері ұдайы дән ризашылықпен айтып отырамын. Егер байырғы тұрғындар достық қолын ұсынып, тату тірлік кешпегенде бабалар өрісін жалғайтын біздің ұрпақ бейбіт заманда өмірге келер ма еді? Сондықтан қазақ жұртының кең пейілі мен қонақжай қасиетіне басымды иемін. Қазіргі кезде бірлік пен татулық бекемделген тәуелсіз елдің азаматы ретінде білім саласында жұмыс жасауымды баянды бақытыма балаймын. Бәсекеге қабілеттілікті талап ететін жаһандану заманында отанымыздың өскелең жастарына сапалы білім беріп, тағылымды тәрбие дарыту жолында қалтқысыз қызмет атқаруға әркез дайынмын. Бұл мен үшін мәртебелі міндет әрі парасатты парыз. Қоғамдық шаралар мен кәсіби мамандығым бойынша белсенді әрекетіме ұдайы қолдау мен көмек көрсететіндері үшін облыс пен қала әкімдіктеріне, мектептің ұйымшыл ұстаздар ұжымы мен әріптестеріме, шәкірттер мен ата-аналарға алғысым шексіз. Біз жүздеген ұлыс өкілдерінің басын біріктірген біртұтас қазақстандықтар сіздердің толерантты қасиеттеріңіздің күшімен бірге туған ағайындардай ет жақын бауыр болдық. Достарымның дені қазақтың жігіттері мен қыздары. сүйсініп жейтін асымыз қазы мен қарта қосылған жылқының сүр еті мен қып-қызыл бауырсақ. Құмарта ішетін сусынымыз қымыз бен шұбат. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қастерлеуді жете үйрендік. Демек менің ұлтым кәріс болғанымен, жаным қазақ. Жас отбасымыздың сөйлейтін тілі де қазақша.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444