Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамның бірыңғай институты
Еліміздің бас қаласы Нұрсұлтанда, Алматы және үшінші мегаполис Шымкенттің орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істейді. Аймақтардағы кіші Ассамблеялар этномәдени орталықтардың қызметтерін және түрлі этностардың рухани-мәдени дамуын белсендіруге мүмкіндік жасайды. Бүгінгі таңда республика бойынша 321 этномәдени бірлестік бар. Олар білім, ұлттық мәдениетті, дәстүр мен әдет-ғұрыптарды дамыту мәселелерімен айналысады. Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен тілдерді насихаттауға, Қазақстандағы этностардың дәстүрлері мен ғұрыптарын таратуға арналған мемлекеттік және халықтық мерекелер, фестивальдар, жарыстар үнемі жүргізіліп отырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамның бірыңғай институты ретінде этномәдени бірлестіктерді біріктіреді. Ассамблеяның құрылымын институционалды нығайту мақсатында ғылыми-сараптама кеңесі құрылған, оған ғалымдар, сарапшылар, жетекші ғылыми-зерттеу құрылымдарының басшылары кіреді. Қоғамдық келісім саласындағы Ассамблея жобаларын қаржыландыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры құрылған. Этносаясат және Ассамблеяның қызметін сипаттайтын «Менің Елім» (Моя страна) журналы шығарылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми депозитарийі ашылған.