Қазақстан — біздің қасиетті мекеніміз
«Біздің еліміздің жетістіктерінің бәрі де тек бейбітшілік пен келісімнің арқасында ғана мүмкін болды. Әлем ұлтаралық және конфессияаралық араздықтарға толы. Бейбітшілік пен келісім – бұл қандай да бір жағдайлардың тоғысуы емес, бұл – Тәуелсіздік жылдары өзіміз тұрғызған дүние. Біз сақтап қалған келісім мен бейбітшілік – бұл мемлекет пен бүкіл қоғамымыздың ұлан-ғайыр жұмысы. Бұл – біздің ортақ жетістігіміз, біз оны сақтауға тиіспіз».
Нұрсұлтан Назарбаев
Біз — бәріміз тең құқықты, тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтармыз. Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкіліктерді біріктіруге тиіс.Біз — көпұлтты қоғамбыз. Және де ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауға тиіс.
Мемлекетте бәрі де тең болуға тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман де- ген болмауға тиіс. Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек.
Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауға тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей. Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз.
Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз.
Мен Үкімет пен әкімдердің еңбек саясатына тәртіп енгізуін талап етемін. Жұмысқа, әсіресе жергілікті билік органдарына этностық ерекшеліктеріне қарамастан, үздіктер алынуы керек. Өлшем біреу ғана — өте жоғары этика және кәсібилік. Министрліктер мен әкімдіктердің барлық буындарында кадр таңдауда байқалатын біржақтылықты түзеу керек.
Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауға тиіс. Біз еліміздің бірде-бір азаматын сыртта қалдыра алмаймыз. Әрбір қазақстандық биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуге тиіс.
Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады.
Мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылады.
Қазақстан — біздің қасиетті мекеніміз.
Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды.
Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық.