Қазақстан ұлтаралық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бермеген ел
Бүгінгі ұстаз шәкірттерін дүниежүзілік білім мен ақпарат кеңістігіне шығу үшін қазіргі жаһандану үрдісінде бәсекеге қабілетті ұрпақ етіп тәрбиелеуде. Қазіргі уақыт әлем халықтары тығыз араласып, шекарасыз әлем жағдайында өмір сүруге ұмтылыс жасап жатқан кезең. Қазақстан — татулық пен достықтың, бірліктің киелі мекені. Түрі, тілі мен ділі бөлек болғанмен, жүрегі «Қазақстан туған жерім, Отаным» деп соғатын 130 ұлттан астам халық тұрып жатыр.
Қазақстан Орталық Азияда ұлтаралық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бермеген жалғыз ел. Бүгінде этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын аударып отыр.
Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанда ұлт бірлігі мен татулығы әлемге үлгі болып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Мұндағы басты мақсат — түрлі этностардан құралған Қазақстан халқының ынтымағы мен береке-бірлігін жарастыра отырып, оларды бір мақсат, бір мүдде жолында аянбай еңбек етуге жұмылдыру. Елімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқаны осы татулық пен бірліктің арқасы. Ұлтаралық татулықты нығайтуда, шәкірттеріме білім беруде менің басты мақсатым — мемлекеттік тілді меңгерте отырып, қоғамның рухани негізі болып табылатын, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген әлем азаматтарын тәрбиелеу. Қазақстан түрлі этнос өкілдерін болашақ ұрпақтар үшін тәуелсіздігімізді сақтап қалу мақсатында біріктіріп отыр. Осы мақсатта 2015 жылдан бері Елбасы тапсырмасына сәйкес әзірленген «Мың бала» республикалық мәдени ағартушылық жобасына оқушыларыммен бірге белсене қатысып келеміз. «Мың бала» жобасы еліміздегі әр түрлі ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін үйретіп, халқымыздың әдет ғұрпы мен салт-дәстүріне деген қызығушылығын оятуды басты меже ретінде ұстанады. Сонымен қатар, еліміздің тарихымен таныстырып, туып өскен Отанын құрметтеуге баулуды мақсат тұтады. Жыл бойы 5 бағытта еліміздің түкпір-түкпіріндегі жұмыс жасайтын бағдарламаның орны да ерекше. Бұл жоба еліміздегі татулықтың нышаны десе болады.
Ләззат Адырбекова,
Шымкент қалалық Ұлықбек атындағы
№3 жалпы орта білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
педагог-зерттеуші