140 түлек индустриаландыруға үлес қоспақ
Өндірістік Қазақстанды өркендетуге биыл Түркістан облысына қарасты Кентау политехникалық колледжінен 140 түлек түлеп ұшты. Оның 15-і үздік көрсеткішпен қызыл дипломға ие. Тиісті мамандығын меңгеріп шыққан түлектердің ендігі мақсаты — елі үшін еңбек етіп, екі қолын бос қоймау.«Мамандық таңдау-маңызды іс». 4 жыл таңдаған мамандығын меңгерген түлектердің бойында қуаныш пен қобалжу басым. Салтанатты шарада жастарды айтулы күнмен құттықтап, тиісті құжатын салтанатты түрде табыс етуге Кентау қаласының әкімі, зиялы қауым өкілдері арнайы келді. Алдағы жоспарларына сәттілік тіледі. Аталған орта арнаулы оқу ордасын бітірген түлектердің толығымен жұмыспен қамтылуына жағдай жасалған. Мәселен, 4 жыл ішінде 150-ден аса студент «AlageumElectric» компаниясына қарасты Кентау, Ақтау, Орал, Шымкент трансформатор зауыттарында, Алматы электромеханикалық кәсіпорында еңбек етуде. Ал, 22 түлек Қазақстан, Ресей федерациясының жоғары оқу орнында, 4 түлек Кемерово мемлекеттік техникалық университетінде білімін жалғастыруда. Колледж түлектері өңіріміздегі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына үлес қоспақ. Ол үшін индустриалды аймақтардағы кәсіпорындарда еңбек етуге бел буып отыр. Колледжде жыл сайын «Үздік колледж түлегі» атты байқау ұйымдастырылуда. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тапты. Аталған номинацияны биыл 2 студент иеленді. Оларға «AlageumElectric» компаниясының негізін қалаушы, әрі қазіргі басшысы Сайдулла Қожабаевтың сый-сыяпаттары тапсырылды.
Айзада БИДАН