Роботтандырылған жаңа ұшақтар шығарады
Түркістан облысында тың жобаны қолға алған жаңа кәсіпорын өз жұмысын бастады. «РобоАвиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі роботтандырылған авия құралдарын құрастыратын болады. Бұл шағын ұшақтар — геодезия, мониторинг, ауыл шаруашылығында түрлі зерттеулер мен түсірілімдер жасауға таптырмас ұшу аппараттары. «РобоАвиа» компаниясы шығарған өнім — ірі ауыл шаруашылық мекемелеріне аса қажет құрал. Ұшу аппараттары нысандардың аэротүсірілімін жүргізіп, жер телімдерін түгендеуге тиімді. Сонымен қатар, егіс алқаптарын трихограммамен өңдеуге ыңғайлы. Николай Пажитнев – «РобоАвиа БҰ» ЖШС төрағасы «РобоАвия» кәсіпорыны 2014-ші жылдан бастап, тың жобаны қолға алып келеді. Осы жылдар аралығында роботтандырылған шағын ұшақтың үшеуін жасап шығардық. Бізде 20-ға жуық жоғары білікті мамандар қызмет жасайды. Біз тұтынушыларға жоғары сапалы өнім ұсынамыз».Бұл компания өкілдері алғашында «Samruck – 3 M» және «Samruck – 5 M» шағын ұшақтарын жасап шығарған. Бұлар ішкі жану қозғалтқышымен жабдықталған. «РобоАвиа» компаниясының ендігі жаңалығы — «Sapsan -3000» аппараты. Электр қозғалтқыштан қуат алатын мақтаулы ұшақ жұмыс барысында 4-5 сағат тоқтаусыз әуеде қалықтайды. Сағатына 110 шақырым жылдамдықпен ұшады. 40 шақырым градус айналасында операторлармен байланыста болады. Бұл өнімге қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Бұл кәсіпорында 38 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осылайша кәсіпорын облыстағы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына өз үлесін қосуда. Өндіріс ошағы толық қуатында жылына 60 роботтандырылған ұшақ шығаруға қауқарлы. Бас ғимараты Шымкентте орналасқан компания өрісін кеңейтуді көздеп отыр.
К. ДҮЙСЕНБІ