ТҮРКІСТАН: ШТАБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОНЛАЙН ФОРМАТТАҒЫ КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУІ
Бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық Штабының жетекшісі Тұңғышбаев Ерұлан Отырар және Ордабасы аудандық әкімдіктерінің жас мамандарына кезекті онлайн форматта семинар өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты — ұжым арасында сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтарды болдырмау және алдын алу арқылы елде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, заңға енгізілген жаңа нормаларды түсіндіру.
Өз кезегінде Ерұлан Икрамұлы мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатынын, әрбір мемлекеттік қызметші немесе басшы болсын қызметке келгенде өзіне үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтіп, өзгерістерді өздерінен бастап, халыққа адал қызмет көрсету қажеттігін айтты.
Оқыту семинарында Ерұлан Тұңғышбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамды қалыптастыру мақсатында қабылданып жатқан жобалар мен шараларды хабарлай келе, жемқорлыққа қарсы саясатты табысты жүргізуде рухани мәдениеттің жоғары болуы тиіс екендігін жеткізді. Сондай-ақ, адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім құндылықтарының мән-мазмұнын терең қазбалап, ел еңсесінің биік болуы – ашықтық, туралық сынды қасиеттердің көрініс табуы арқылы жүзеге асатынын баяндады.
Шара соңында жас мамандарға адалдық деген асыл қасиетке жақын болуға шақырып, егер сыбайлас жемқорлық фактілеріне куә болса, тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласуға болатынын ескертті.