Қазақстан этнос өкілдері Абай туралы кітап шығарды

Қазақстан этнос өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Абай туралы «Әлемді аялаған сөз» атты кітап шығарды. Кітап Қазақстан халқы Ассамблеясының тапсырысы бойынша Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспарын орындау аясында жарық көріп отыр. Кітаптың мақсаты – ұлы Абай мұрасын Қазақстан этностарының арасында насихаттау. Кітап тұжырымдамасы Қазақстандағы этносаясаттың адами және жалпыұлттық құндылықтарын кеңінен таратуға, қоғамды біріктіруге, азаматтық патриотизмді, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған. Казақ мәдениеті мен тарихын одан әрі зерделеу міндеттеріне сәйкес келеді. Бұл кітапта архивтен, кітапханалық қордан, мерзімді басылымдардан алынған жазбаша дереккөздер пайдаланылған. Қазақстан Халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев кітаптың кіріспе сөзінде: — Қазақтың ұлы ойшылының тағылымы мол ілімі мен білімі арысын айтқанда пайғамбардан, берісі түгел түркі жұртының пірі саналатын Қожа Ахмет Ясауи бабамыздан бастау алатыны ақиқат. Оның даналығы, терең ойшылдығы түріктің ақыны Юнус Эмремен, әзербайжан ақыны Несимимен үндеседі. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!!!» Кез-келген халықаралық ұйымның, әлем бедерінде бейбітшілікті насихаттаумен айналысатын дүние жүзіне ортақ қоғамдық мекемелердің айнымас девизі осы емес пе?! Абайды әлемге таныту барысында ақынның осы бағыттағы ой-пікірлерін Темірқазық етіп ұстансақ жаңылмаймыз деп ойлаймын. Абай күні, ақын мерейтойы және бірегей ғұламаның шығармашылық әлемі өз кезегінде көпэтностық халқымыздың жарасты ынтымағын арттырып, береке-бірлігімізді бекемдей түспек, — дейді. Ал Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева алғы сөзде жинақтың маңызды бөлігі – біздің замандастарымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің мүшелері Абайдың құрметіне арнап жазған эсселердің түпнұсқасы екендігін айта кетеді. — Ұлы адам жайында жазылған шағын әңгімелер Ұлы Абайдың мұрасынан алған жеке әсер мен ұстаным еркін баяндалып, нақты әрі толық түсіндіруді талап етпейді. Өйткені олар жүректерінің қалауымен жазды. Олардың арасында тек ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері ғана емес, сонымен қатар біздің ортақ мұрамызды сақтау ісіне бей-жай қарамайтын белсенді өмірлік ұстанымы бар қарапайым адамдар да бар, — дейді Айда Ғалымқызы. Айта кетейік, «Әлемді аялаған сөз» кітабы «ХІХ ғасырдың жаңғырығы», «Абайдың сөзі ХХ ғасырдың дискурсында», «Жадыны жаңғыртқан Абай (эсселер)» және «Әлемге тараған бейне» атты төрт бөлімнен тұрады. Кітап Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасына қызығушылық танытатын қалың оқырман қауымға арналған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444