ANTIKOR LIVE: БИЗНЕС СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ҚОРҒАУЫНДА
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің басшысы Асхат Жұмағали ағымдағы жылдың І-ші жартыжылдығында Департаменттің жұмысын қорытындылаған онлайн брифинг барысында мәлімдеді.
«Бизнес пен инвесторларды қорғау бойынша жобаны жүзеге асырудамыз (Protecting Business and Investments).Ол қолайлы кәсіпкерлік ортаны құруға, әкімшілік кедергілерді жоюға, бизнеске көмек көрсетуге бағытталған.
Бүгінгі күні 61 (алпыс бір) млрд. теңгеге 32 (отыз екі) инвестициялық жоба (6-ы (алтауы) шетелдік қатысуымен) сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен қамтылды» — деді Асхат Жұмағали.
Бизнесті қорғау шеңберінде барлығы 16 (он алты) кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 7 (жеті) лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Мысалы, оқыту бизнес-семинарын өткізу үшін құны 300 мың теңге тұрмыстық техника түрінде заңсыз сыйақы алған Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Үмбет айыппұл төлеуге сотталды.
Жалпы қамқорлығы мен сауданы кедергісіз жүзеге асыру үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған (10 мың теңгеден 65 мың теңгеге дейін) Әл-Фараби аудандық әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанлыбаев айыппұл төлеуге сотталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының мемлекеттік санитарлық инспекторы Арапов алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мал шаруашылығы өнімдерін қала базарларына әкелген кезінде санитарлық сертификаттарды беру үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған.
Баяндама соңында Асхат Жұмағали бизнес өкілдерін мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік қысым болған жағдайда Департаментке жүгінуге шақырып, біндетті түрде тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.