Отандық шикізат өнім бағасының төмен болуына сеп
Түркістан облысындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы шұлық шығаратын зауыт іске қосылғалы бері миллиардқа жуық теңгенің өнімін өндірген. Жетістігі жоғары кәсіпорын жұмысшылары әлі де ізденіс үстінде. Сан алуан түрлі өнімдерінің сатып алармандары да көп. Шұлық фабрикасы «3D» нәскилерін шығарып, өнімнің сапасын одан әрі дамыту үстінде. Фабрика өнімнің 25 пайызын Ресей мемлекеті мен Оңтүстік Кореяға экспорттаған. «Фабрика айына 2 миллион, ал жылына 20 миллион дана жұп шұлық шығарады. Кәсіпорын шұлықтары 100 пайыз мақта өнімінен жасалады. Синтетикалық қоспасы жоқ. Әрі жылы, әрі сапалы. Бүгінде мұндағы құрал жабдықтардың барлығы да Оңтүстік Кореядан әкелінген. 230 дана қондырғыда тігіледі. Дизайнын сызатын мамандар алда әлі де тамаша нәскилердің сызбасын жасамақ. Өнім автоматтандырылған құрылғыда дайындалады. Өндіріс ошағы 16 мен 47 ші өлшем аралығындағы шұлықтар тігеді. Шикізат күнгейдің өзінен шығады. Яғни, мақтаралдың алқаптарынан алынады. Сол себептен де бағасы анау айтқандай қымбат емес. Индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорын алдағы уақытта да өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мұнда жұмысшыларға барынша жағдай жасалған. Арнайы автобустармен тасымалданады.