Газдандыру қарқын алды
Бүгінгі таңда Түркістан облысының түкпір түкпірі «2015-2019 жылдар аралығында индустриалдық-инноациялық даму бағдарламасы» аясында газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Ордабасы ауданы тұрғындарының 6,9 пайызы яғни, Бөржар ауыл округіне қарасты үш елді мекендері табиғи газбен қамтылған. Қосымша Бадам елді мекенінің бір бөлігіне 305 абонент кәсіпкерлер есебінен табиғи газ тартылған. Биыл тағы екі ауылға газ құбырлары жүргізілуде. Облыстық бюджет есебінен “Бейнеу-Шымкент” магистральды газ құбырының 1393 шақырымында №19 “Темірлан” АГТС және АГТС-тан Ордабасы ауданының Темірлан елді мекені арқылы Арыс қаласына дейін тартылатын газ құбырының құрылысы басталды. Қазіргі таңда АГТС қондырғыларын қысымдау жұмыстары жүргізілді, жұмыстар аяқталуға жақын, газды қыздыру блогы жақын арада нысан басына жеткізіліп орнату жұмыстары жүзеге асады. Бекітілген өндірістік кестеге сәйкес газды қыздыру блогы орнатылғаннан кейін, нысан қабылданады. №19 «Темірлан» АГТС-і іске қосылған соң, кезең – кезеңімен Қажымұхан ауыл округінің 7 елді мекеніне, Жеңіс ауыл округінің 2 елді мекеніне, Бөген ауыл округінің 2 ауылына газ құбыры тартылып, тұрғындар көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Жалпы, облыста 844 елді мекеннің 300-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. Яғни бұл өңірдің 1 755 307 тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Облыстың елді мекендерін 2017-2020 жылдар аралығында газдандырудың кешенді іс-шара жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес 2020 жылға қосымша 383 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. 2021 жылға табиғи газбен қамтылған елді мекендер санын 683-ке немесе 2 млн. 720 мың тұрғынға жеткізу межеленуде.