«Қоғамдық келісім» мекемесі ауқымды жұмыстар атқарып келеді
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл
Елбасының жарлығына сәйкес облыс орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына ауыстырылғаннан кейін аймақта жұмыс істеген Қазақстан халқы ассамблеясы екіге бөлініп, 2018 жылы 11 шілдеде жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында Шымкент қаласы әкімі аппаратының ҚХА Хатшылығы құрылған болатын. Ал қалалық Ассамблеяның атқарушы органы – «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тамыз айында құрылып, жұмыс істей бастады. Сөйтіп Шымкенттің қала мәртебесін алуына байланысты қаланың аумағында әрекет ететін 15 этномәдени бірлестік мемлекеттік тіркеуден қайта өтті. Қазіргі таңда «Қоғамдық келісім» КММ-іне Ербол Байқонақов басшылық етеді.
2018 жылдың 26 желтоқсанында өткен қалалық Ассамблея кеңесінің отырысында ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың: Қоғамдық келісім Кеңесінің, Аналар кеңесінің, Медиация кеңесінің, Ғылыми-сарапшылық топтың, Блогерлер мен журналистер клубының жетекшілері бекітілді. Сөйтіп, жұмыс қызу жүргізіле бастады. Қалалық ҚХА жанынан қоғамдық құрылымдардың қалыптасуы этносаралық сипаттағы кикілжіңдердің туындау ықтималдылығын төмендетудің тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады. Мұндай құрылымдар қала, шағын аудан, тұрғын алап, ірі кәсіпорын деңгейлерінде де жұмыс жүргізеді. Шымкент қалалық ҚХА Ғылыми-сарапшылық қызметті атқару барысында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті жанындағы «ҚХА» кафедраларымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіледі.
Сонымен қатар қалалық ассамблея жанынан «Қазақтану» жобасын іске асыру жөніндегі арнайы жұмысшы тобы құрылып, оған белгілі ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, жазушылар санатындағы 19 адам енгізілді.
Жоба аясында қолға алынатын «Берекелі Шымкент», «Қазақ дастарханы», «Ұлттық домбыраны сыйға тарту», «Тілге құрмет – елге құрмет» жобалары жүзеге асты.