Өзбек этномәдени бірлестігі бірлікті бекемдеу бағытында жұмыс істеп келеді
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл
Қазіргі таңда Шымкент қаласында бір мың бір жүз жетпіс сегіз мыңнан астам өзбек этносының өкілдері тұрады. 1989 жылы Шымкентте қалалық өзбек мәдени орталығы ретінде ашылған бірлестікке бүгінде Тахиржан Хакимбеков жетекшілік етеді. Бірлестік қазақстандық патриотизмді дамыту, ел бірлігін бекемдеу, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы сындарлы саясаттың іске асуына сүбелі іс қосып келеді.
Өзбек этно-мәдени бірлестігі елді ырысты ынтымаққа бастайтын бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысып келеді. Мәселен, жыл сайын Өзбекстандағы тарихи орындарға «Достық керуенін» ұйымдастырады. Бұл іс-шара қазақ пен өзбек халықтары арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен татулықты нығайтуға бағытталған, әрі тарихи ортақ тұлғаларымызды тереңінен танып-білуге арналды. Бірлестік Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өңірде елдің бірлігі бағытында өткізілген барлық іс-шараларға белсене араласып, қоғамдық келісімнің сақталуына үлес қосып келеді.
Шымкенттік өзбектер сан ғасырлар бойғы қазақтармен арадағы берекелі бірліктің арқасында жергілікті тұрғындармен өзара тату тұрып келеді. Бүгінде қалада таза өзбек тілінде, аралас тілді мектептерде өзбек сыныптары бар. Сонымен қатар, республикамыздағы жалғыз өзбек театры да біздің өңірде ашылған. Елімізде әр этностың тілі мен мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Бөлінуге емес, бірігуге бастайтын, даралыққа емес, достыққа жетелейтін сындарлы мемлекеттік саясат қазақ-өзбек арасындағы бауырластықтың туын көкке көтеріп, мерейін арттыруда.
«Көршіңмен тату бол» деген даналықты басшылыққа алған шымкенттік өзбектер біртұтас қазақстандықтардың бір бөлшегі ретінде ортақ Отанымыз – Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосып, ішкі бірлікті бекемдеу бағытында жұмыс істеп келді.
Өзбек этно-мәдени бірлестігі барша оңтүстікқазақстандық өзбектер атынан Қазақстан мемлекетіне, Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа айрықша алғыс білдіреді. Қазақ халқының кеңдігі мен ынтымағының арқасында жергілікті өзбектер тіл мәдениетін дамытып, тіршілігін гүлдендіріп, бақытты өмір кешуде. Өзбектер қазақ ағайындардың кеңпейілдігі мен қонақжайлығын, Елбасының сындарлы саясатын әрдайым қадірлеп, қазақ халқын өзінің бауыры деп есептейді.