Қырғыздар
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл!
Шымкент қаласында қырғыз этно-мәдени бірлестігі 2005 жылдың қазанында ашылды. Сол уақыттан бері өңірдегі әкімдікпен, ассамблея хатшылығымен және осы бағытта жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктермен байланысты жолға қойып, түрлі іс-шараларға жан-жақты араласып келеді.
Қоғамдық бірлестік жанында жастар қанаты, ақсақалдар алқасы және аналар кеңесі жқмыс істейді. Жастар қанатына Венера Пирматова, Аналар кеңесіне Аягүл Кәлменова жетекшілік етеді. Ақсақалдар алқасының төрағасы Райысбек Расулбеков бірлестіктің іс-шараларына белсене қатысып, аймақта қоғамдық келісімді сақтауға өз үлесін қосуда.
Бірлестік белсенділерінің бірқатары түрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен марапатталып, мерейтойлық медальдармен, төсбелгілермен марапатталған.
Шымкентте мыңнан астам қырғыздар тұрады. Қырғыз этно-мәдени бірлестігі қырғыз тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау, еліміздегі этностар арасындағы түсіністік пен өзара ынтымақты жарастыру, тұрақтылықты қамтамасыз етуде.
Этно-мәдени орталық Шымкентте жыл сайын «Қырғыз этносының тілі, мәдениеті, дәстүрлері күні» атты мереке өткізеді. Олар жергілікті билік өкілдері мен қоғамдық бірлестіктердің және көрермендердің алдында өздерінің тілі мен салт-дәстүрін дәріптейді. Қырғыздар жергілікті қазақтармен құда-жекжат, ағайын-туыс. Қазақ-қырғыз арасындағы бауырластықтың түбі тереңде жатыр.
Қырғыздардың қазақ ортасына келуінің тарихы ертеректен басталады. Олардың алғашқы легі 1703 жылы келген. Ол кезеңде төрт мыңға жуық шаңырақ қалмақ шабуылынан жер ауып, Енисейден Таласқа көшкен. Ал, Байтүгелұлы Кәрі бастаған қырғыз бауырлар Қаратөбе жеріне қоныстанған.
Байтүгелұлы Кәрі осы өңірдің билік иесі Қасымбек датқадан жер сұрайды. Датқа оның өтінішін қанағаттандырып, Жетімботадан жер бөліп беріпті. Қырғыздар содан бері осында тұрақтап қалған. Жылдан-жылға мұндағы қырғыздардың жағдайы түзеліп, егін салып, ел қатарына қосылады. Қаратөбеге қоныстанған қырғыздардың жағдайы жақсарғанын естіген Таластағы қырғыздар да көшіп келіп, елге ел қосылады.
Қаратөбедегі этникалық қырғыз ұлты өкілдерінің немере-шөберелерінің басын қосса мыңға жетеді. Олардың бәрі қазақ тілінде білім алды. Ал, бүгінгі ұрпақтары аталары секілді өздерінің бақыты мен қызығын, мақсат мүддесін Қазақстаннан тауып отыр.
Бүгінде қаратөбелік қырғыздар Қазақстанның барлық аймақтарында, соның ішінде Шымкент қаласында да түрлі салада еңбек етіп, ортақ шаңырағымыздың көркейіп, гүлденуіне өз үлестерін қосуда.