Қазақ еліне алғысымыз шексіз
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай Шымкент қалалық Қоғамдық келісім КММ-інің ұйымдастыруымен түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен тілі күні аталып өтіп, онлайн көрмелер жалғасуда. Бұл жолғы эстафетаны Шымкент қаласының «Ирини» грек этномәдени қоғамдық бірлестігі жалғастырды. Көрмеге әдеттегідей грек ұлтының қолөнер бұйымдары, шеберлердің қолынан шыққан түрлі тоқыма өнері қойылды. Әрқайсының өзіндік тарихы бар. Грек этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрайымы Параскевопуло Ольга Ивановна барша қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Олга Ивановна Параскевопуло:
-Грек этномәдени орталығы сонау тоқсаныншы жылдардың басында құрылды. Содан бері іргеміз ажырамай, өзге бірлестіктермен бірге қоғамдық іс-шараларға атсалысып келеміз. Қазақстан мен Греция елдерінің ара қатынасының арқасында бір кездері біздегі грек ұлтының ақсақалдары, зейнеткерлері Грецияға барып демалып келген жағдайларымыз да болды. Грек тілін меңгеріп, өз тілімізде сөйлеу жағынан ешқандай қағажу көріп жатқан жоқпыз. Әрине, біздің Қазақ еліне алғысымыз шексіз, қазақ тілі мен дәстүріне ерекше құрметпен қараймыз. Қазақ тілін білу – біздің міндетіміз. Себебі, біз мемлекеттік тіл арқылы тұрмыс кешеміз, өнеміз, осында өмір сүреміз, алға дамимыз.